OINET.KZ - Соңғы уақытта петиция жазу сәнге айнала бастаған сияқты. Жуырда зейнеткер және зейнет жасына жақындаған облыс әкімдерін қызметтен босатуды талап ететін онлайн петиция пайда болды. Петиция авторы 150 мың қол жинауды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда облыс әкімі қызметін екі зейнеткер атқарып отыр. Оның біріншісі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың жасы 67-де. Ахметов уақтысында Қазақстанның премьер-министрі, Қорғаныс министрі лауазымдарын атқарған. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің креслосына ол 2014 жылы отырған болатын. Ахметов баспасөз беттерінде жиі сыналатын әкімдердің бірі болып саналады. Айтпақшы ШҚО әкімі Akimy қосымшасындағы әкімдердің рейтингісінде ең соңғы орында тұр.
Екіншісі, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жасы 69-да. Бердібек Машбекұлы бес облысқа әкім болған әзірге жалғыз шенеунік. Вице-премьер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымын екі мәрте атқарған. Бесінші өңір-Жамбыл облысының әкімі қызметіне ол 2020 жылдың ақпанында Қордайда болған қазақ-дүнген қақтығысынан кейін келген болатын.
Соңғы уақытта Бердібек Сапарбаевтың орнына Бақытжан Сағынтаевтың тағайындалатыны туралы әңгімелер көп айтылады. Алайда Сапарбаевтың әзірге креслосын босататын сыңайы байқалмайды. Осы аптада ол Нұржан Календаровты өзіне орынбасар етіп алды.
- Президент Әкімшілігімен келісе отырып, Жамбыл облысы әкімінің өкімі бойынша Нұржан Календеров Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, – делінген Жамбыл облысы әкімдігінің таратқан хабарламасында.
Нұржан Календеров еңбек жолында облыс әкімдігінің қаржы басқармасында бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы болып еңбек еткен. 2011-2013 жылдары Жамбыл ауданының әкімі, 2013 жылдың маусым-желтоқсан аралығында Қордай ауданының әкімі, 2013-2017 жылдары Тараз қаласының әкімі, 2017-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, 2019-2020 жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2020 жылғы маусымнан бастап Шу ауданының әкімі болып келді.
Кейбір ақпараттарға қарағанда, 2020 жылдың жазында сол кезде облыс әкімінің орынбасары болып отырған Н.Календаровқа тікелей бағынатын кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жеңіс Сариев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған. Басшыға үкім шыққан соң Календаров Шу ауданының әкімі қызметіне ауыстырылған. Міне, «қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа барса, басшысы отставкіге арыз береді» деген қағидаға сәйкес қызметінен төмендетілген Н.Календаровты Сапарбаев араға бір жарым жыл салып қайтадан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лаузымына әкеліп отыр.
Сонда Бердібек Сапарбаев президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты саясатын көзбояушылыққа айналдырып отыр ма?