Түркістанда кез-келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады

Қысқаша

Түркістанда кез-келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады



Түркістан қаласында салынып  жатқан заманауи үлгідегі спорт нысандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел бірлігінің берік негізі» атты Жолдауында атап көрсетілгендей қарапайым халыққа қолжетімді болмақ. Олардың құрылысы облыс әкімінің тікелей бақылауында.  

Screenshot_1.jpg

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылыс алаңында болды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарына сәйкес жағдай жасалмақ.  Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Допинг-бақылау кабинеттері, 300 орындық қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары мен медициналық, массаж кабинеттері, кір жууға арналған жеке блок және ас үймен жабдықталған. 

Елімізде теңдесі жоқ су кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 2 млн. текше метр су жинайтын канал қазылып, бетондалған. Құрылыспен бірге кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Жауапты сала басшыларымен кездескен облыс әкімі атқарылуы тиіс жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды. 

– Түркістан қаласында салынып жатқан жаңа үлгідегі спорт кешендерінде кез-келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады. Спорт адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек. Спортпен айналысатын адамның бойында табандылық қасиет қалыптасады. Рухы биік, жігері асқақ болады, – деді облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев. 

    A+
Уақыты: 2021-09-09  Айдарша: Өңір
TAG: