Сарыағаш ауданында ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шараға аудан әкімі М.Отаршиев, аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов, аудандық «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаты М.Асилов, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ә.Тастанбеков, мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің басшылары, ардагер ұстаздар мен ұлағатты ұстаздары қатысты.
Мерекелік жиында ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Даулет Анасұлы өз сөзінде:
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке шын мәнінде барша халыққа ортақ. Адам баласы қай заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Бұл орайда оқушы зердесіне осынау асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны, ол ең алдымен - мұғалім. Жаңа дәуір талабына сай озық тұрған ұстаздың ғана шәкірт алдында беделі биік. Бүгінде сала мамандары педагогикалық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи әдістерді, инновациялық әзірленімдерді оқыту процесіне ұтымды енгізуде. Атқарылған жұмыстың сапасын оқушыларымыздың жеткен жетістіктерінен, мұғалімдердің кәсіби біліктілігінен көреміз. Ауданда 80 білім беру және 16 мемлекеттік мекетепке дейінгі мекемелерде 7000-ғе жуық мұғалім 60 мың оқушыны тәрбиелеп, білім беруде.Тиісінше соңғы жылдары педагогтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды. Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Нәтижесінде педагогтар мен оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы өсуде.Биылғы Жолдауында да Президент мұғалімдерді қолдау саясаты жалғасатынын жеткізді. Бұл шаралар ұстаздардың қоғамдағы ролін арттыруға үлкен серпін беретіні анық. Аяулы ұстаздар, бүгінгідей ұлық мерекеде өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін! Дана халқымыз «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»дейді. Ендеше, кәсіби шеберлікті шыңдау жолындағы ұмтылыстарыңыз ешқашан сарқылмасын!»,–деп ізгі ниетін білдірді.
Сондай-ақ, аудан әкімі М.Отаршиев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтай отырып, ұстаздарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хаты» және аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.