Халқы тығыз қоныстанған және шекаралық аймаққа жататын Сарыағаш ауданындағы медициналық мекемелердың материалдық базасы кеңейіп, қызмет сапасы артып келеді. Тұрғындар енді бұрынғыдай облыс орталығына сабылмай, күрделі ем-домдарды аудан орталығында қабылдай алады. Сарыағаштың медицинасында оң өзгеріс көп.
Бақыт Мырзалиев басқаратын Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына қарасты 77 медициналық емдеу нысаны халыққа қызмет етуде. Тарқатып айтсақ, 1 аудандық аурухана, 6 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 4 бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 17 дәрігерлік амбулатория, 29 фельдшерлік акушерлік пункт, 17 медициналық пункт, 1 тері мерез диспансері, 1 туберкулез диспансері, 1 IV санатты жедел медициналық жәрдем бекетінде жұмыс істейтін барлығы 2212 медицина қызметкері 192 мың 165 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұл емдеу мекемесіне тіркелгендер пациенттердің саны. Мұның 104 мың 487-сі ересек, 9515-і жасөспірімдер. 78 мың 163-і 14 жасқа дейінгі балалар. Бұдан бөлек кез келген азамат, тіпті ол шетелдік болса да алғашқы медициналық көмек ала алады.
Аудандық аурухана 512 тәуліктік төсек орнымен және емхана 109 күндізгі төсек орнымен қамтылған. Мұнда ішкі аурулар, балалар, перзентхана, гинекология, хирургия, жарақаттар, кардиология, неврология, жұқпалы аурулар бөлімдері мен Инсульт орталығы жұмыс істейді.