Ордабасы ауданы аумағынан Қызыл-Сеңгір мен Боралдай елді мекендерінің арасындағы Боралдай өзенінің бойынан сыйымдылығы 50-60 млн текше метрді құрайтын су қоймасы салынады. Жаңа нысанның ені екі шақырымды, ұзындығы бес шақырымды құрайды. Нәтижесінде Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласынан жалпы 45 мың гектардан астам жер қосымша ағын сумен қамтамасыз етіледі. Құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел бірлігінің берік негізі» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.
Ордабасы ауданындағы жаңа жобалар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке аймаққа арнайы жасаған ресми іс-сапарында таныстырылды. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын жаңа жобаларды баяндады. Батыршаевтың баяндауынша каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде суару маусымында су шығыны 25-35 пайызға дейін кеміп, егістік алқаптар толықтай мерзімінде ағын сумен қамтамасыз етіледі және өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артады. Бұл аудан басшысының емес, осы су шаруашылығы саласы мен диқан мамандардың зерттеуі.
Сондай-ақ, тік дренаждарды іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиоративтік жағдайлары жақсарып, жер асты суларының деңгейі төмендейді. Қосымша егістік алқаптар ағын сумен қамтамасыз етіліп, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артады.