Жаңа оқу жылында Түркістан облысының Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде №58 Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің қосымша 300 орындық білім ошағы жаңадан пайдалануға берілді. 2 гектар аумақта орналасқан жаңа ғимаратта оқу орнымен қатар спортзал, асхана және шеберханалар орналасқан.
Жаңа оқу жылында өңірде 50 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табылдырығын аттады. Бір ғана Сарыағаш ауданында бүгін 3 мың бала алғаш рет мектепке барды. Ауданда 60 мыңдай оқушы білім алады.
Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Облыс аумағында жаңадан салынған тағы 29 білім ұясы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев айтты.
Түркістан облысы бойынша жалпы 78 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың дені бала саны көп, тұрғындары тығыз орналасқан ауылдарда бой көтерді. Жаңа мектептер заманауи роботехника, ІТ-технологиялар кабинеттерімен жабдықталған.
Жаңадан ашылған білім ұялары Сауран, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Бәйдібек, Түлкібас аудандары мен Кентау қаласында және облыс орталығы Түркістан қаласының әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан.
Биылғы, жаңа оқу жылында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында оқу процесі дәстүрлі форматта 516 мың 740 оқушы оқиды деп күтілуде. Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Биылдан бастап 1 сынып оқушылары «Әліппе» оқулығымен сауат ашады.