Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Ағаш өз байлығын еш уақыт жоғалта қоймайтын құндылық. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көгалдандыру жұмыстары белең алып жатыр. Оған себеп экология мәселелері. Биыл жылдағы дәстүрге сай Түлкібас ауданында да көктемгі көгалдандыру, оның ішінде тал көшеттерін отырғызу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Тек арнайы қызметкерлер ғана емес, аудан тұрғындары да мұндай жұмыстарға білек сыбана кіріседі.
Ағымдағы жылдың көктем айларында ауылдық округ, кент әкімдіктері тарапынан елдімекендер аумағын көгалдандыру мақсатында 41,1 гектар жерге 16 мың 800 түп талшын, шырша, иінкі, арша, боз арша, шаған және қара ағаш көшеттері отырғызылған.
Түлкібас ауданының климаты аталған ағаш түрлерін отырғызуға өте қолайлы. Сондықтан тез жерсінетін көшет түрлеріне басымдық беріліпті. Мәселен Түлкібастың ауа-райы әсіресе алма шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Ауа райы қоңыр салқын, алма-бау жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ болып есептеледі. Кеңес одағы тұсында Түлкібас дәмі бал татитын «Апорт» алмасымен аты шыққан аудан болатын.