Жыр мүшәйрасы мәресіне жетті

Қысқаша

Мүшәйраның поэзия аталымы бойынша 1 орын Арайлым Мұратәлиеваға, 2 орын Әлімжан Әлішерге, 3 орын Ақбота Бейбітбекке бұйырды.

Screenshot_3.jpg

Шымкентте екі аптаға жалғасқан жазба ақындар арасында «Қазақиям – азат ұям» деген тақырыпта жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Шара қала әкімінің қолдауымен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті.   «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» жалпыұлттық жобасы аясында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйраның негізгі мақсаты – қаламгерлердің руханияттың маңызды саласы – ұлттық әдебиетіміздің дамуына атсалысып, үлестерін қосуына ықпал ету. Сонымен бірге аймақ ақындарының еркін елдің жарқын көріністерін, кемел келешегін, олардың егемендігіміздің қуаты мен құндылықтарын жыр құдіретімен паш етуіне ынталылығын, шығармашылық белсенділігін арттыру, шеберлігін шыңдай түсу. 

Байқаудың ережесі бойынша үміткерлер тәуелсіздік тақырыбына бір өлең және еркін тақырыпқа бір жыр не әңгіме ұсынды. Бірақ ұсынылған шығармаларын бағалау кезінде басты назар тәуелсіздік тақырыбына жазылған өлең мен шығармағаға аударылды. Мүшәйра үміткерлерінің жасына шек қойылмады. Жыр бәйгесіне тек Шымкент қаласында тұрақты (тұратын) тіркелген үміткерлер қатысты.  Жыр додасы туралы көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, ҚР Президенті тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегені Бақытжан Алдияр өз ойын қосты. 

"Мүшайраға ұсынылған 28 үміткердің өлеңдерімен толық танысып шықтым. Қазылар алқасының пікірлерін толық қолдаймын. Өз тарапымнан қосарым, Сезім Мергенбай мен Арайлым Мұратәлиеваның өлеңдері нәзік сыршылдығымен, басқалардан бөлекше ой орамдарымен қызықтырып қуантса, Әлімжан Әлішердің, Ақбота Бейбітбектің, Біржан Байтуовтың сөз қолданыстары, көркемдеуіш тәсілдер көңіл қуантарлық", - деді Бақытжан Алдияр. 

Мүшәйраның поэзия аталымы бойынша 1 орын Арайлым Мұратәлиеваға, 2 орын Әлімжан Әлішерге, 3 орын Ақбота Бейбітбекке бұйырды. Ал проза аталымы бойынша бәйгеден қара үзгендер мыналар: 1 орынға лайық шығарма жоқ деп ұйғарылды. Сол орынға бөлінген  сыйақы 8 ынталандыру сыйлығына бөлінді.  2 орын Камила Тілепованың «Жолайрық» әңгімесіне, . 3 орын Захардин Қыстаубайұлының «Егіздің сыңары» драмасына берілді. Сондай-ақ бірқатар қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды. 




    A+
Уақыты: 2021-03-24  Айдарша: Өңір
TAG: