Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында аймақта алғашқылардың бірі болып Шардара қаласындағы «Армспорт» клубында демеушілердің көмегімен «Біздің мақсат – Олимпиада» атты спорттық ескерткіші ашылды.
Игі тірлікке арнайы ат басын бұрып келген Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев пен аудан әкімі Қайрат Жолдыбай биіктігі 4 метр ескерткіштің жамылғысын сыпырды. Сонымен қатар, мұнда жастарды салауатты өмір салтына баулу және уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында салынған воркаут, футбол, жазғы жаттығу алаңдары да ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан әкіміне Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы федерация президентінің куәлігін салтанатты түрде тапсырды. Өз кезегінде Қайрат Жолдыбайұлы алдағы уақытта өңірімізде спорттың ауыр атлетика саласын одан әрі дамыту үшін күш-жігерін аямайтынын жеткізді.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған чемпионатта аудан әкімі облыстық ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Асхат Көбеевке, Полат Наурызбайұлы облыстық ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Өскенбаевқа ЗКС олимпиадалық штангасын сыйға тартты.
Салтанатты шараға қатысқан белгілі бапкер, ауыр атлетикадан олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлдың алғашқы ұстазы болған Дүйсебек Құрманов зілтемірші жастарға ақ батасын берді. Мұнан кейін 2005 жылы туылған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ауыр атлетикадан облыс чемпионаты басталды.
Рейтинг газеті