Шымкентте 15 күндік нәресте бөтелкемен сүт ішіп жатып, тұншығып қалған. Қалалық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 00:59 шамасында нәрестенің ауыр халіне байланысты шақырту келіп түскен. Арнайы бригада мамандары 12 минуттан кейін жетіп, бірден тексерген. Дәрігерлер кішкентай ауқастың ес-түзсіз, тіпті тыныс алмай жатқанын анықтаған. Нәресте клиникалық өлім жағдайында болған. Дәрігер мен фельдшер дереу реанимациялық іс-шараларды жүргізіп, ем жасаған. Нәтижесінде 2 минуттан кейін науқас есін жинап, тыныс алуы және пульсі қалпына келтірілген. Жүрек соғысы да реттелген. Жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды.
Дәл осындай жағдай басқа тағы бір 15 күндік нәрестеде болған. Арнайы бригада кішкентай науқасқа 9 минуттан кейін келіп, сәбидің тыныс ала алмай қалғанын анықтаған. Емізу кезінде анасы баланың ауызынан және мұрынынан емшек сүтінің ағып кетуіне және тыныс алмайтындығына назар аударған. Дәрігерлер келген кезде науқастың жағдайы ауыр болып, клиникалық өлім анықталған. Реанимациялық шаралар жүргізгеннен 3 минуттан кейін балада жүрек ырғағы, тыныс алу және пульс қалпына келтірілген. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін нәресте № 2 облыстық перинаталдық орталыққа ем қабылдауға жеткізілген.
Рейтинг газеті