Пациенттерімнің ең жасы он сегізде

Қысқаша

Гүлмарал СЕЙІТҚАЗЫҚЫЗЫ, Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының дәрігер- дерматовенерологы:

index.jpg

 

Шымкент қалалық  ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі  орталықта созылмалы және жұқпалы тері ауруларын емдейтін арнайы кабинет жұмыс істейді. ВИЧ індетінің алдын алып, оған қарсы күресті қолға алған кабинеттің атауы - Достастық үйі. «Жығылғанға жұдырық» демекші, ғасыр індетіне шалдыққан науқастар тері ауруларына жиі ұшырайды.  Осы орайда қос дертпен күресте талай жылдан бері еңбек етіп етіп келе жатқан дәрігер Гүлмарал Сейітқазықызымен әңгімелескен едік. 

 

-Гүлмарал Сейітқазықызы, сізге емделушілердің көбі қандай мәселемен келеді?

 

- Біріншіден, мұнда келушілердің көбісінде созылмалы және жұқпалы тері аурулары кездеседі. Мысалы, дерматиттер, пиодермия – іріңді тері ауруы, саңырауқұлақ аурулары, псориаз, экзема, атопиялық дерматит. Сондай-ақ, бізге келген науқастың қандай ауру түрімен емделуге келуіне байланысты тексеріс жүргізіледі. Егер, ол жыныстық қатынас салдарынан пайда болған аллергиялық дерматит болса емдеу жолдары бөлек қарастырылады. Ал, экзема, безеу, витилиго немесе микоз сынды ауру түрлері бар болса оны емдеу жолы басқаша. Демек, тері аурулары сыртқы факторлардың әсерінен және органдар қызметінің бұзылуынан пайда болады. Дерматовенеролог науқасқа емдеу жолдарын тағайындаудан бөлек, қажетті тексерулерді айтып, қауіпті сырқат белгілері болса  арнайы емделу мекемесіне жібереді. Ал, дерматовенерология саласы жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды емдейді. Жалпы саны 20-дан асатын инфекция бар. Дерматовенерология  жыныстық жолмен берілетін инфекциялық ауруларды және тері ауруларын диагностикалау, сондай-ақ, олардың алдын-ау мәселелерімен айналысады.

 

-  Жалпы, қандай аурулар тері арқылы көрінеді?

 

- Мерез, соз, хламидиоз, микоплазмоз – бұл жыныстық жолмен берілетін инфекциялар. Мұндай инфекциялардың асқынуы бедеулікке, импотенцияға, кіші жамбас органдарының қабынуына, атап айтқанда аднексит, сальпингоофарит, эндометрит ауруларына ұшыратады. Адамдарда әр аурудың көрінуі әртүрлі болады. «Тері – ішкі ағзалардың айнасы» дейді ғой. Сол сияқты, теріге шыққан нәрсе іштегі аурудың белгісі. Мысалы, ағзада улану процесі болса, бірден теріден көрінеді. Дұрыс тамақтану, дұрыс жұмыс істеу, дұрыс ұйықтау қажет, себебі барлығы бір-бірімен тікелей байланысты. Бірақ, ішкі аурулардың салдарынан теріде пайда болатын аурулар жұқпалы емес.

 

- Жалпы, сіз қызмет ететін Достастық үйінің негізгі қызметі қандай?

 

- Шымкент қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында  ашылған Достастық үйі 2004 жылдың 29 мамырынан бастап жұмыс істеп келеді. Біздің кабинеттің негізгі міндеті - ВИЧ індетінің алдын алу және онымен күресу. Бізге келетін контингенттердің қатарына жезөкшелер, тамырына ине егетіндер, еркекпен еркек тобына жататындар, яғни, гомосексуалистер кіреді. Бұл анонимді кабинет болғандықтан әрбір емделушіге арнайы код қойылады. Бірінші, ата-анасының есімінің алдыңғы екі әрпі, одан кейін жыныстық тобы және өздерінің туылған жылы. Достастық кабинетінде тегін тексерілу жүргізіліп, АИТВ инфекциясына қан аламыз. Бізге келіп тексерілетіндердің  ең жасы он сегізде.

 

Рейтинг газеті