Ақсүмбеліктер Қожановты еске алды

Қысқаша

Ақсүмбеліктер Қожановты еске алды

Screenshot_11.jpg

Биыл Сұлтанбек Қожановтың туылғанына — 125 жыл. Алаш азаматының мерейтойын  ауылдастары да елеусіз қалдырмады.  Созақ ауданының Ақсүмбе ауылында «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» тақырыбында іс-шара өтті. Ауқымды шараға басшылар, ауыл тұрғындары, жалпы  жүрегінде ұлтқа деген махаббаты бар, Алаш арыстарына құрметі зор азаматтар қатысты.

Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған ауылда қазір 80 шаңырақ бар. Жылына 15 шақты бала туылады екен. Аудан орталығы Шолаққорған ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Киелі ұя Сұлтанбек Қожановтың сүйіп өскен мекені. Қаратаудың етегінде жатқан Ақсүмбеге жиылған жұрт Құран бағыштап, қайраткердің есімін туған жерімен қоса насихаттады. Ұлтқа қызмет еткен ұстаз, ғалымның туған жерінде ұрпағы өсіп жатыр. Бұрын «Кыргиз» деген атты «Қазақ» деп ауыстыруға үлес қосқандардың қатарында дәл осы Қожанов бар. Сталиннің алдында батыл сөйлеп, ержүректігімен есте қалған Алаш арысының ауылында дәстүрлі ән шырқалып, естелік әңгімелер айтылды. 

Ақсүмбе ауылынан шыққан кейін Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда конференция ұйымдастырылды. Шақыртылған қонақтар «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» ғылыми жиынға қатысып, экспедиция жолға шықты. Яғни «Ақсүмбеден Ақсу-Жабағылыға дейін» экспедициясы Тұрар Рысқұлов туған өлкеге аттанды. Қос қайраткердің 125 жылдығы енді Түлкібас ауданында өтетін іс-шараға ұласпақ. Алаштың екі бірдей азаматын бөле-жармай біріктірген ғажайып жоба осылай Ақсүмбеден басталды.

Туған жері үшін тер төккен Қожановтың ерлігі еш ұмытылмайды.