Миллионерлер әлеуметтік көмек алған

Қысқаша

​Шымкентте 3671 миллионер 527 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін заңсыз алған.

7e76a80b-8020-4552-bde9-07df14b022ca.jpeg 

Шымкентте 3671 миллионер 527 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін заңсыз алған. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялар орталығында брифинг берген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

 

 

– Көп азаматтар өздерінің табыстарын жасырып, атаулы көмек алуға құжаттарын тапсырған. Алуы тиісті емес 3671 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаны анықталды. Олардың кейбіреулерінің зәулім үйлері, астында қымбат-қымбат шетелдік автокөліктері, дүкендері бар. Солардың бәрін жасырып құжат тапсырған. Сәуір айында жұрттың бәрі жаппай құжат тапсырып жатқанда бұлардың барлығын бір мезгілде тексеріп, тағайындау мүмкін болмады. Біз текcерулердің барлығын олар бірінші атаулы әлеуметтік көмекті алып, бір тоқсан өткеннен кейін есептерін берген кезде бастадық. Оған дейін біз тағайындаумен, төлеммен айналыстық. 3671 азаматқа тағайындалғаны 2 млрд. 812 млн. теңге болатын. Соның 527 млн. теңгесі төленген. Жүргізілген жұмыстар барысында 3,5 млн. теңгесі қайтарылды, – деді Ербол Әбілқайырұлы.

 

Табысын жасырып мемлекет ақшасын иемдену, яғни, алдау арқылы ақша алу алаяқтық әрекет саналады. Дегенмен, әкімнің орынбасарының айтуынан түсінгеніміз, Шымкент қаласының әкімдігі атаулы әлеуметтік көмекке тексермей құжат қабылдаушылардың әрекеттерін жауапсыздық деп ойламайды. 527 млн. теңгенің атаулы көмегін босатқандардың, оған қатысы бар мамандардың әрекеттерінен сыбайлас жемқорлық көріп тұрған жоқ. Кінәлілер табыстарын жасырып құжаттарын өткізген миллионерлер ғана...

 

Ал, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев олай ойламайды. Оның төрағалығымен 2019 жылдың 10 желтоқсанында өткен кезекті аппарат мәжілісінде Кентау қаласында алдын ала бір жылдық атаулы әлеуметтік көмектердің төленгені хабарланған еді. Өңір басшысы бұған байланысты тексеру жүргізуді тапсырып, кінәлілер креслосымен қоштасатынын қадап айтқан.

 

Дегенмен, Ербол Садыр миллионерлер артық алған ақшаларды өз еріктерімен қайтармаса, сот арқылы қайтаруға тура келетінін жеткізді.