Әкімдердің есеп беру форматын

Қысқаша

​Тоқаев өзгерте ала ма?

токаев.jpg

 

Түркістан облысында әкімдердің есеп беру науқаны басталды. Иә, науқан. Жылдағы дәстүр бойынша есеп беруді алдымен ауыл әкімдері бастайды. Облыстың әкімі аяқтайды. Әкімдерге сол баяғы үйренген «әлеуләйін» айтатын кез келді.

 

Биылғы жоба-жоспар бойынша аудан әкімдерінің есеп беруі қаңтардың жиырмасынан кейін басталады. Алдымен аудан әкімі барлық ауылдық округтерді аралап, халыққа есеп береді. Түске дейін бір ауылда, түс қайта бір ауылда. Ақырғы есеп беру аудан орталығында өтеді. Оған облыстан келген арнайы қонақтар қатысады. Қазір жергілікті ақпарат құралдарында әкімдердің есеп беру кестесі жарияланып жатыр. Бәрі сол баяғыша. Ал халықтың биылғы есеп беруден үлкен өзгеріс күткені рас.   

 

Естеріңізде болса, наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік міндетті атқаруға кіріскен бойда киелі Түркістанға арнайы келіп, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездескен болатын. Бұл Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде өңірге жасаған алғашқы сапары еді. Осы сапарында ол өзінің Президент ретіндегі ұстанымын, көзқарастарын білдірген. Әңгіме барысында ол мемлекеттік қызметшілердің халықпен тығыз жұмыс істеуі қажет екеніне баса мән беріп, басшылардың халық алдындағы есеп беру кездесулерінің қазіргі форматын сынға алды. Әйтеуір ел осы сөзге кәдімгідей елең еткен рас еді.

 

Кейінірек, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Президент осы елең еткізерлік жаңалыққа кеңірек тоқталды.

 

– Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.

 

Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс.

 

Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе.

 

Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс.

 

Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс. Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Алайда биылғы есеп беру ескірсе де, халықты қанша жерден жалықтырса да сол баяғы формат бойынша өтетін сияқты.

 

Аудан әкімдерінің есеп беруіне бюджет қызметкерлері шақырылады (олардың денін мұғалімдер құрайтынына күмән жоқ). Алдымен әкім былтыр атқарған жұмыстары туралы есебін оқиды. Осыдан кейін жиынға қатысушылар сөз алып, өздерінің ой-пікірлерін, талап-тілектерін айтады. Алдын ала жасалған келісім бойынша ақсақалдар жағы әкімнің жұмысына жоғары баға беріп, елдің атынан алғыс айтады. Рас, ара-арасында ауылдағы бірлі-жарым проблемалар да айтылады. Бірақ, есеп беру жиынының олардың шешілуіне қаншалықты ықпал етіп жатқаны белгісіз. Облыс әкімінің есеп беруі де осы сценарий бойынша өтеді. Жиынға республикадан келген қонақтар қатысады. Әйтеуір әкімдер басқа шаруаның бәрін жиыстырып қойып, бір ай бойы есеп беріп, шабылып, әбігерге түседі де жүреді. Ал бұдан мемлекетке, халыққа тиіп жатқан пайда бар ма? Есеп берудің форматын Тоқаев өзгерте ала ма? Күтіп көрейік.

 

Рейтинг газеті