Ақиқат әлі айтылмады

Қысқаша

Қысқа уақыттың ішінде қаладағы 50 мыңнан астам адам көшірілді. Көшірілді демесеңіз, екі-үш мың адам ғана үкіметтің жіберген көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді.

Арыс-3.jpg

«Арыс қаласында бомба жарылды» деген ақпаратты алғаш естіген кезде снарядтарды залалсыздандыратын кәсіпорында тағы бір төтенше жағдай орын алды деп ойлағанымыз рас. Өйткені пайдалану мерзімі өткен бомбаларды залалсыздандыру кезінде жарылыс болып, адам өлімінің орын алуы Арыста бұған дейін бірнеше мәрте кездескен еді. Әскерилердің айдың, күннің аманында, мемлекеттің қорғаныс саласына қызмет етуі тиіс оқ-дәрі қоймасын өртке шалдырып, оның соңы адам сенгісіз апатқа алып барады деген ешкімнің ақылына кірмегені анық.

 

 

Қысқа уақыттың ішінде қаладағы 50 мыңнан астам адам көшірілді. Көшірілді демесеңіз, екі-үш мың адам ғана үкіметтің жіберген көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Қалғандары бәрін тастай-тастай өз күштерімен, көпшілігі жаяу-жалпылап қашты. Осы оқиға кезінде төрт адам қаза тапты. Оның екеуі бейбіт тұрғын.

 Арыс-2.jpg

Алғашқыда Түркістан облыстық әкімдігі «қаланы бір айда қалпына келтіреміз» деген. Арыс 17 секторға бөлініп, республикадағы 17 өңірге бөлініп берілді. Кейбір өңірлер жұмыстарын ерте бастап, уақытында аяқтады. Кейбір өңірлердің мойындарына алған міндеттеріне жауапсыз қарағаны рас. Құрылыс жұмыстары алғашқыда «тамызда аяқталады» деді. Кейін қыркүйек, одан кейін қазан... Бірақ күні бүгінге дейін, Арысқа қатысты арыз-шағымдар әлі толастамай келе жатқаны рас.

 

Алты айдан бергі аралықта Арысқа қатысты талай акциялар өтті. Балалар лагерлерде демалды. Әр тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы берілді. Апат кезінде белсенділік көрсеткендерді марапаттауды Президенттің өзі бастап беріп, ол  Түркістан облысы мен Арыс қаласында жалғасты. Қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында жүрген шенеуніктердің біразы Түркістан облысының, Арыс қаласының құрметті азаматы атанды. Бірақ бір нәрсенің басы осы уақытқа дейін ашылған жоқ. Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстың себептері әлі анықталмады. Тергеушілер алты айдан бері жұмған аузын ашпай келеді.

 

Тамыздың аяғында Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасымен жарылыс болған әскери бөлімшенің командирі мен оның орынбасарының қамауға алынғаны, олардың үстерінен «жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережесін бұзу» және «ауыр зардаптарға апары соққан салақтық» баптарымен қылмыстық істер қозғалғаны туралы ресми ақпарат таратылды. Қайталап айтайық, тамыздың аяғында, яғни жарылыс болғаннан екі айдан кейін. Сонда күдіктілерді анықтаудың өзіне екі ай кеткені ме? Тергеушілер одан бергі төрт айда не тындырды? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов тергеу барысы жөнінде елге бір мәлімет беруі тиіс еді. Бірақ олар да үнсіз.

 

Жаңа жылда осындай төтесінен келген апаттар болмасын дейміз.


Рейтинг газеті