-Тек 2018 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАгроның» жинақталған шығыны 400 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрады. Яғни, компания табыстың орнына шығынға батып келеді. Жалпы, «ҚазАгро»-ның жұмысы жұмбақ. «Бермуд үштағаны» десе де болады, ақша компанияға барғанымен, ешбір нәтижесіз жоғалып тынады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы компаниядағы жағдайды реттеу керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда саладағы мәселелерді фермерлер де көтеріп келеді. Осы жағдайды ретке келтіріңіздер, - деді төраға Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қарата.
-Холдингте трансформация шараларының жүргізілгені дұрыс. Алайда бюджет қаржысын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеткізу жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Қаржыны алып, оны қайтармау деген болмайды. Мемлекет қаржысының тиімсіз игерілуіне жол бере алмаймыз. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлеміз. Бірақ та әлі де тиісті нәтиже болмай тұр, - деді Нығматулин.
Қазіргі уақытта «ҚазАгро»-да үлкен реформалар жүргізілуде. Жауапты басшылар 2020 жылдың қорытындысы бойынша холдинг таза пайдаға шығады деп сендіріп отыр. Дәлірегі сондай жоспар бар. Бірақ оның қаншалықты жүзеге асары белгісіз.