Шымкентте өткен қалалық Сәулеттік кеңесінің бірінші отырысында осы нысандардың жобасы қаралды.
Жиында «Shymkent Cіty» жобасының аумағындағы тұрғын үй кешендерінің, Арғынбеков көшесіндегі көп қабатты тұрғын үй кешенінің, Нұрсәт мөлтек ауданындағы «Nur-Sultan Plaza» көп қабатты тұрғын үй кешенінің, олардың қасбеттерінің сондай-ақ, көп қабатты автотұрақтардың эскиздік жобалары талқыланды.
«Бүгінде Шымкент қаласы жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі архитекторларға тікелей байланысты. Кез келген құрылыс нысанын салғанда кеңес мүшелері бір кісідей атсалысуы қажет. Себебі, біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Мегаполис деген атқа лайықты қызмет ету баршамыздың парызымыз. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермеуіміз керек. Қаланың қасбетін көркейтуде кәсіби көзқарастарыңызды айтып отырғандарыңыз абзал», - деді жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов.
Сәулеттік кеңес 23 адамнан құралған. Онда Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетшілер, суретшілер, мүсіншілер, тиісті басқарма басшылары мен құзырлы мекемелердің жауапты мамандары енгізілген.
Рейтинг газеті