Сенат төрайымы Дариға Назарбаева ел аралап жүр. Осы аптада ол еліміздің батыс облыстарында мәслихат депутаттарымен, іскер әйелдермен кездесіп, гендерлік мәселе жөнінде әңгіме өткізді. Әйтеуір Сенаттың тізгінін қолға алғалы бері Дариға ханымда тыным жоқ. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.
-Мүмкін, біз әр облысқа арналған парламенттік тыңдаулар жоспарлауымыз керек шығар. Сонда біз жергілікті жерлердегі адамдарды не толғандыратынын, шешілмей жатқан қандай жүйелі проблемалар барын бірден білетін боламыз. Бұл жерде реттеудің жоқтығынан немесе оның жеткіліксіздігінен, болмаса заңнамалық базаның әлсіздігінен шешілмейтін мәселелер туралы сөз болып отыр, - деді Д. Назарбаева мәслихат депутаттарымен кездесуде.
Сенат төрайымы мәслихат жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелеріне өте қатты сенім артатынын мәлім етті. Қазір елімізде 200-ге жуық Қоғамдық кеңес болса, оның 4 мыңға тарта мүшесі бар.
-Қоғамдық кеңестердің міндеті – қабылданатын шешімдерге тұрақты сараптама жасаудың есебінен атқарушы және заң шығарушы биліктің өңірлік органдары жұмысының сапасын арттыру, мемлекеттік билік органдарының алдына аймақ халқын барынша алаңдататын өзекті мәселелерді қоя білу,- деді төрайым.
Д.Назарбаева Кәсіпкер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстан халқының 50 пайызынан астамын әйелдер құрайтындығына қарамастан, олар мемлекеттік құрылымдарда аз екендігіне тоқталды.
- Мемлекеттік органдар немесе компаниялардың басшыларымен қоса, көптеген жұмыс берушілер басшылық лауазымға әйелдерге қарағанда ер адамды көбірек алатыны құпия емес. Бұл жағдайды республикалық та, аймақтық деңгейде де өзгерту керек, - деді Д.Назарбаева. Бірақ Дариға ханым бұл өзгерістің қалай жүзеге асырылатынын айтпады. Бәлкім ол алдағы Мәжіліс, мәслихат сайлауынан басталып, ақыр түбі әйел-президентке дейін жететін шығар.
Жалпы Дариға Назарбаеваның Тоқаевтан кейін Президент болуы мүмкін деген мәселе наурызда ол Сенат төрайымы болған кезден бастап қызу талқылана бастады. Әйел - президентті әкелудің сценарийі белгілі сияқты. Егер Қасым-Жомарт Тоқаев әлдеқандай себептермен президентік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататын болса, Дариға Назарбаева елдегі екінші адам ретінде Қазақстанның тұңғыш әйел - президенті лауазымын атқаруға кірісе береді.
Сол наурызда халықаралық «Fіnancіal Tіmes» басылымы Дариғаны Қазақстан Президентінің дублері деп атады. «Мәскеуде білім алған опера әншісі елдегі тұңғыш әйел басшы болуға дайындалып жатыр»,- деп жазған басылым Дариға Назарбаеваның Сенат төрайымдығын қолға алған кезде «алдыма қойған мақсаттар мен міндеттерге жету үшін жинаған барлық тәжірибем мен білімімді пайдаланамын» деген сөздерін келтірді. Ал Дариғада қазір қаншалықты тәжірибе бар. Ол бұған дейін Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі атанды. Сенатта комитет басқарды. Ал атқарушы билікте бар - жоғы бір жылдық тәжірибесі бар. Ол 2015 - 2016 жылдар аралығында вице - премьер қызметін атқарған болатын. Бір жылдық тәжірибе аздық етпей ме?
Рейтинг газеті