Бәйдібек ауданындағы Жамбыл, Бөген ауылдық округтеріндегі 6 елді
мекенге газ берілді. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімі аппаратының
баспасөз қызметі хабарлады.
Жамбыл, Бөген ауылдық округтерінің
орталығындағы салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытбек
Танагөзов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
– Тәуелсіздігіміз
туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген
ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр.
Соның бір парасы бүгін Сіздердің елді мекендеріңізде жүзеге асуда. Бүгін
міне қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз. Ауылдарыңызға көгілдір
отын беріліп жатыр. Бұл – Тәуелсіздіктің Сіздерге тартуы, – деді аудан
басшысы.
Көгілдір отынға қол жеткізген Жамбыл, Шыбыт, Тасқұдық,
Шалдар, Екпінді, Сарқырама елді мекенінің тұрғындары енді көмір тасып,
күл шығармайтын болдық деп, өздерінің жүрек жарды тілектері мен
алғыстарын білдірді.
Аталған елді мекендер бұған дейін
газдандырылмаған болатын. Енді нысандар іске қосылып, елді мекен
тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қатысты туындаған
сұрақтары толығымен шешімін тауып отыр.
Айта кетерлік жайт, 2015 жылы
«Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, қараша
айында көгілдір отынның алауы жағылып, аудан орталығына газ берілген
болатын. Облыс қазынасынан арнайы қаржы бөлініп, 2017-2018 жылдары
аралығында аудандағы 8 елді мекенге газ құбырының құрылысы жүргізілді. 8
елді мекеннің 6-ауы беріліп, қалған екеуі осы жылы іске қосылатын
болады. Сонымен қатар қазіргі таңда аудандағы 7 елді мекенде газ
құбырының құрылысы жүргізілуде.