Жаңа зауыт 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды

Қысқаша

Жобаның құны 18 млрд. 500 млн. теңгені құрайды.

Созақ ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін Үдемелі индустриялды инновациялық Даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Өңірлік кәсіпкерлік қолдау картасы тізіміне енген «Теріскей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Асыл металл өндіру» жобасы келесі жылы жүзеге асса, жаңа зауыт 400 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Мұндай сүйінші хабарды аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет аудандық мәслихаттың кезекті 45-інші сессиясында жеткізді. Күн тәртібінде бекітілгендей сессияда ауданда атқарылған жұмыстардың жеті айлық қорытынды есебі тыңдалып, алдағы уақытқа жоспарланған шаруалар пысықталды.
– Тағы бір жоба 2020 жылы іске асырылуы жоспарланған. Ол – «Теріскей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Асыл металл өндіру» жобасы. Жобаның құны 18 млрд. 500 млн. теңгені құрайды. Зауыт іске қосылса 400 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі кезде барлау жұмыстары жүргізілуде, – деді Бекзат Әлмағанбет.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта тағы бір жобаны өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу жоспарлануда. Ол –  жалпы құны 200 млн. АҚШ долларын құрайтын «Созақ фосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар өндіру» жобасы. Қазіргі таңда аталған жобаның бизнес жоспары жасалуда екен.