Ауылдық округтерде медиация кабинеттері жұмыс істейді

Қысқаша

Бүгінде Бәйдібек аудандық сотында және 11 ауылдық округінде медиация кабинеттері бар.

Бүгінде Бәйдібек аудандық сотында және 11 ауылдық округінде медиация кабинеттері бар. Бәйдібек аудандық сотының судьясы Сапарәлі Байтеновтің айтуынша, аталған кабинеттер жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс атқарады. Сонымен қатар ауданда Билер кеңесі құрылған. Кеңестің ережесі бекітілген.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс бөлмесінде 5 тамыз – Бірыңғай республикалық медиация күніне орай «Ашық есік күні» акциясы өтті. Акцияда Бәйдібек аудандық сотының судьясы Сапарәлі Байтенов осы сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Аудандық сотта 2019 жылдың 7 айында қылмыстық істер бойынша 40 іс аяқталып, оның 17-сі медиация тәртібімен шешімін тапты. Ал, әкімшілік істер бойынша 189 іс аяқталып, мұның 12-і медиация тәртібімен шешілді. Осы уақыт ішінде 168 азаматтың ісі аяқталған, медиация тәртібімен 15 іс жолға қойылған. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру мақсатында кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен сотқа дейінгі 16 дау шешілді, –  дейді судья.
2011 жылдан бастау алған, медиациялық жолмен шешілген істерге қарағанда аталған жобаның өміршеңдігі байқалады. Жиында біраз жай айтылды. Әлі де медиаторлардың алдынан шығатын кедергі аз емес. Сондықтан медиаторлардың білімін әлі де жетілдіру керек. Аудан әкімдігінің заңгері Ордабек Амалов пен медиатор Әтірбек Бақтайбеков медиаторлардың халықпен кездесуін ұйымдастыру керектігін айтады. Оларға қоғамдық құқығын пайдалануға қажетті куәлік беру жайы да әңгіме болды.