«OTBASY FEST» отбасы институтын нығайтады

Қысқаша



Отбасы - қоғамның басты байлығы. Осы құндылықты дәріптеу мақсатында Шымкентте «OTBASY FEST» фестивалі өтті.

68751573_2296783230634630_5644356332896124928_n.jpg

Отбасы институтын нығайту мен неке және оның құндылықтарын насихаттауға бағытталған шараға қала тұрғындары мен балалар үйлерінің жеткіншектері қатысты. 


Қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған жиынға шаһардағы балалар үйлерінен 100-ге тарта жасөспірім қатысып, өз өнерлерін паш етті. Қала тұрғындары мен олардың отбасы мүшелеріне арналған секциялар ұйымдастырылған. Мысалы кеңес беру бұрышы қызмет көрсетті, спорттық жаттығулар жасалды, дұрыс тамақтану жөнінде айтылды, балаларға арналған мультфильмдер көрсетілді, конкурстар, ұтыс ойындары, тамақ фестивалі, концерттік бағдарламалар ұсынылды. Ұрпақтар сабақтастығын ұлттық дәстүрдегі қазақстандық отбасы үлгісін насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен парасаттылық принциптерін енгізу мәселелері қамтылды.

    -  Мұндай шара қаламызда екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Өткен жылы біз фестивальді негізінен кішкентай нәрестелерге арнасақ, биыл мектеп оқушыларына арналып отыр. Аталған шара бір күн бойына ұйымдастырылады. Акция барысында балалар үйіндегі жасөспірімдердің талантын шыңдау мақсатында концерттік бағдарламалар өткізілді. Сонымен қатар цирк пен қуыршақ театрының әртістері өз өнерлерін көрсетті,- дейді Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Динара Оралова.

     Фестиваль кезінде ата-аналар мен балаларға қажетті қызмет түрлері көрсетілді. Онда жоғары білікті мамандар кеңес беріп, арнайы емтихандар өткізілді. Тұрғындарға заңгерлерден кеңес алу мүмкіндіктері де қарастырылған. Визаж, шаштараз, тырнақ әрлеушілері де қызметтерін ұсынды. Сондай-ақ йога, би, ашық ауада флэшмоб, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Балалар мен ересектер арасында сән көрсетілімі өткізіліп, көңілді конкурстар мен ойындар өтті.

      Жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар таратылып, барлық отбасыға арналған тимбилдингтер, әртүрлі шоу түрлері ұйымдастырылды. Атап айтқанда айна, сабын, қағаз, трансформаторлық шоулары өтті. Трамплиндер мен аквагримерлер, қуыршақ театры мен аспаздық студия және тағы басқалары да бар. Шара аясында балалар ата-аналарымен бірге қуыршақ театрының қойылымын тамашалады. Бүлдіршіндер ән айтып, би биледі. Саябақта ұйымдастырылған түрлі спорттық ойындарға ат салысып, ептілігі және қайратымен сынға түсті. Фестиваль аясында балалардың өз қолдарымен әртүрлі бұйымдар жасауына мүмкіндік берілді.

      Сондай-ақ, қатысушыларға балмұздақтар мен тәттілер үлестіріліп, мерекелік шара концерттік бағдарламаларға ұласты. №3 және №4 балалар үйі тәрбиеленушілеріне «Гауһар тас» тігін фабрикасының демеушілігімен жаңа оқу жылына мектеп формалары таратылды.

Рейтинг газеті