Түркістан облысы Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласы абаттандырылды. Жаңаша кейіпке енген орталық алаңда су бұрқағы, шағын демалыс орындықтары және түнгі жарық шамдар қойылған. Ұялы телефондарды қуаттауға да мүмкіндіктер жасалған. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, қалада орын алып жатқан жаңалықтарды көрсету үшін Ленгір қаласы әкімі аппараты ғимаратының маңында арка мен «LED» экран іске қосылды.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарына арналған демалыс орындарын көбейту жұмыстары жалғасын табуда. Ағымдағы жылы Ленгір қаласының Төлеби және Қапал батыр көшелерінің қиылысындағы 12,7 гектар шатқалды абаттандыру жоспарланып отыр. Мұнда 1200 ағаш отырғызылып, 3 су бұрқағы, орындықтар, жол аяқтар, шамдар орнатылатын болады.
Сонымен қатар, 6,0 шақырым Төлеби көшесіне, 3,3 шақырым Ә.Бектаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары және Ленгір қаласындағы жалпы 13,7 шақырымды құрайтын 12 көшенің жолына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Осылайша Леңгір жаңаша кейіпке енді. Қаланы абаттандыру, көркейту бағытында бұдан басқа да жобалар қолға алынуда.