Таблодағы көрсеткіш өзгергеннен кейін алаңдағы ойын алма кезек шабуылмен жалғасты. Алаң иелері сол қапталдан жиі шабуылдағанымен, «Ордабасы» қорғаушылары алынбас қамал болды. Дегенмен бірінші таймның аяқталуына 1 минут уақыт қалғанда “Млада Болеслав” футболшылары есепті теңестіріп кетті. Қапталдан берген допты қабылдап, қақпаға тоғытқан - Николай Компиченко. Есеп 1:1. Екінші таймда ойынның жылдамдығы бәсеңдеген жоқ. Қос ұжым сапында алмасулар болды. Чехиялық футболшылардың қос қапталдан жасаған толассыз шабуылына тосқауыл қоя білген қақпашы -Дмитрий Непагодов, өзінің жарты командаға лайық ойынын көрсетті. Сырт алаңдағы голдың салмағы барын ескерсек, қонақта тең тарқасқан жерлестеріміздің келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі мол.
Қазақстан Премьер -лигасы да қызған шағында. 20-тур ойындарында «Ордабасы» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдады. Алаң иелері негізгі құрамды біраз өзгертіп, бас бапкер жастарға мүмкіндік берген ойында «Ордабасының» келесі шабуылында Зиги оң қапталдан әуелете пас берді. Допқа ертерек жеткен Марат Быстров алаңның ортасында тұрған Алексей Щеткинге дәл жеткізді. Көптен бері гол салудың ретін таба алмай жүрген Алексей Щеткин шалқалай теуіп Андрей Пасеченко қақпасын тулатты. Сөзсіз, бұл чемпионаттағы үздік голдардың бірі. Есеп 1-0. Осы есепті сақтап қалған “Ордабасы” Еуропа лигасы алдындағы маңызды жеңіске қол жеткізді.
Осы қарқынынан таймаса шымкенттік команданың Еуропа лигасының келесі кезеңіне жолдама алуы әбден мүмкін. Бұл орайда, бүгінгі матчтың маңызы зор. Айта кетелік, 1- тамыз күні «Ордабасы» чехиялық “Млада Болеслав” командасын өз алаңында қабылдайды.
Рейтинг газеті