Мамин құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды

Қысқаша

Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді

1.jpg

Қазір Арыс қаласында 1544 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған, 7089 жеке тұрғын үйде және 96 көпқабатты үйде қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың 4683 үйінде жұмыстар жүргізілуде.

 

Сондай-ақ құрылыс жұмыстары 126 жекеменшік, 1 көпқабатты үйде жүргізілуде. 66 әлеуметтік нысанның 62-сінде қалпына келтіру жұмыстары, жаңа құрылыс 4 нысанда жүріп жатыр.

 

Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарына 207 компания, 7073 жұмысшы, 265 арнайы техника тартылған.

 

Үкімет басшысы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстарға барлық өңірлер, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқанын атап өтіп, зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру нысандарын дайындау бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында Асқар Мамин  тарихи-мәдени орталық аумағындағы «Ұлы дала Елі» орталығын, Қ. А. Ясауи музейін салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, сонымен қатар Ұлы Жібек жолының қолөнершілерінің Ұлттық орталығы ғимаратын, келу орталығын реконструкциялау, Шығыс моншасының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылысын көрді.

 

Бұлардан бөлек Үкімет жетекшісі әкімшілік, әлеуметтік, мәдени-тарихи мақсатта салынып жатқан нысандарды аралады, жергілікті стадион, оқушылар сарайы, әкімдік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, медиа орталық, конгресс-холл ғимараты, «Нұр-Сұлтан» алаңы, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, музыка мектебі, бассейні бар оқушылар сарайы, аттракциондары бар қалалық саябақ, неке сарайы, Қазақ драма театры ғимараты, музыкалық фонтан мен амфитеатр салынып жатқан құрылыс алаңдарында болып, басқа да құрылыс жобаларымен танысты.

 

Рейтинг газеті