Төле би: Тарихи құнды фильм

Қысқаша

Көпшілік асыға күткен «Төле би» тарихи сериалы өз көрерменіне жол тартты. Заманында қазақ елінің тұтастығы үшін күресіп, жастайынан әділдігі мен шешендігі арқылы көпке танылып, данагөй абызға айналған ұлы тұлғаның дара жолын жан - жақты көрсететін туынды

5861f102-85c7-4c36-9279-74bd015bb7a3.jpg

 

Әуелі Елордада тұсауы кесілген «Төле би» тарихи танымды фильмін көру бақыты түркістандықтарға да бұйырды. Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында фильмнің толықметражды көрсетілімі өтті.

 

– Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстік фильм» мекемесіне 2018 жылы облыс әкімдігінен осы өлкеден шыққан тарихи тұлғалар мен тарихи жерлерге байланысты көркем анимациялық фильмдер түсіруге тапсырыс берілген болатын. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы міндеттерді орындау бағытында «Төле би» бабамыздың тарихи фильмі түсірілді. Одан бөлек, Түркістан жерінен шыққан тарихи тұлғаларды, жерлерді дәріптеу, оның тарихи мазмұнын ашу мақсатымен, алдағы уақытта осы сарындағы фильмдер түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін, «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» сынды үш анимациялық фильм жарыққа шықты. Бұл фильмдердің қай-қайсысы болсын мәдениет пен өнер салаларының деңгейінің жоғарылауына көмектеседі деп ойлаймын. «Төле би» туындысынан бөлек осы Түркістан жерінде жатқан 21 хан-сұлтандарымыз бар. Осыларды негізге ала отырып туындыларды жарыққа шығару жоспарымызда бар, - деді Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабеков.

 

Төле би бабамыздың тек шешен ғана емес, үлкен саясаткер, жас кезінде қолына қару алып, ел қорғаған батыр, өзі де, сөзі де өткір, қара қылды қақ жарған әділ шешімді тұлға екендігі кинокартинада тамаша таспаланған. Нақты деректерге негізделген туындының көпшілікке берер тарихи-танымдық маңызы жоғары. Оның 9 жасынан бастап өз төрелігін айтып, қай кезде де әділ шешім шығаруы, жауынгерлік соғыстарда батырлық қырынан көрінуі оның асқан шеберлігінің дәлелі. Мұндағы көріністер, бабамыздың өз аяғы тиіп, қоныс тепкен жерлерінде түсіріліп, киноға мән мен сән берген. Осы тектес маңызды кадрлар мен ойды  ұштастырып отырған фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков:

 

– Фильмде көрсетілген эпизодтардың көпшілігі Қасиетті Түркістан шаһарында түсірілді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» тарих бойынша Ясауи кесенесінің ішінде «Хан сарайы» деген жерде шығарылған екен. Дәл осы эпизод сериалда он бес минутты алады. Ал, сіздерге оның қысқа нұсқасы көрсетілген. Ол заңнан дала демократиясының болғанын көрсетеді. Төле би ауданындағы Қасқасу өңіріндегі Сарыайғыр жайлауы Төле бидің тұрақтаған жері болған екен. Сол жерде түсіріп, ауыл құрдық. Біраз кадрларды Ташкентке барып түсірдік. Тарихымыздан алыстап ұзаған жоқпыз. Фильмді түсіруде өзіміздің жергілікті актерлер мен қарапайым тұрғындар көмектесті. Мұнда, фильмді тамашалауға келген көпшілік өздерін көгілдір экраннан көру үшін келді деп ойлаймын. Біз тәжірибе мен күш жинадық. Енді тарихи фильм түсіруге еш қорықпай кірісе аламыз,-деді.

 

         Жазушы Шойбек Орынбайдың «Төле би» романының желісімен түсірілген кинокартина «Сақ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильмнің» ортақ жобасы. Фильмнің көркемдің жетекшісі Сатыбалды Нарымбетов:

 

– Менің продюсер мен режиссерге арнайы ұсынысым бар: «Сериал басталмай тұрып бір айдай оңтүстіктегі, солтүстіктегі ауылдарды аралатып көрсету керек. Осы нұсқасының өзінде де үлкен жобаның сұлбасы көрініп тұр. Мен алдында бір жарым сағатқа қалай материал сияды деп ойлап едім. Дәл осындай нұсқамен жасауға да болады. Мұны «Америкалық нұсқа» деп атайды,-деді.

 

Әрине, фильмнің көрсеткішін жоғарылату үшін шет елдерден, елімізге танылған актерлерді таңдап алуға болар еді. Алайда, кинотуынды жергілікті актерлердің де жұлдызын жағып, жекелей мүмкіндіктерін танытып, бақтарын сынауына мүмкіндік берді. Мысалы, Төле бидің жастық шағын Шымкенттік жас актер Абзал Төленов сомдайды. Таудай, абыз тұлғаның бейнесін сомдап шығу қиынға соққанын да жасырмады.

 

– Алғашында кастингке барып,өз мүмкіндігімді көрсеттім. Көптеген үміткерлердің арасында таңдау жасап маған хабарласты.Содан бір сағат көлемінде әр түрлі эмоциялық жағдайлар ұсынып тексеруден өттім. Актерлік шеберлігім ұнағанын айтты,бірақ камера алдында тағы бір екі мәрте көрейік, өйткені Төлебидің тұлғасын таңдаудан қате кетпеуміз керек,- деді.Қателеспеді деп ойлаймын.Сонымен кастинг бір айға созылып, таңдау жасалды. Мені, Төле бидің 20 жастан 40 жасқа дейінгі аралығындағы бейнесін сомдауға аламыз деді. Алғашында сенер сенбесімді білмей қуандым, аздап толқыныс та бар. Бабамыздың өмір жолын тереңнен зерттеу мақсатында кітаптар алып оқи бастадым,оқыған сайын жаңа қыры шыға бастады. Төле би сынды абыз тұлғаның рөлін сомдау үшін үлкен жауапкершілік қажет екенін сол кезде сезіндім. Бабамыздың рөлін сомдауда кемшін тұстар болып жатса, барша қазақ елінің алдында кешірім сұраймын. Алайда, менің алғашқы үлкен фильмім екенін ескергендеріңізді қалаймын,- деді актер.      

 

Бұл фильм отандық кинематография тарихында Төле би туралы тұңғыш рет түсіріліп отырған туынды екендігімен де құнды. 10 бөлімнен тұратын туындыда елді бастап билік айтып, шешендігімен көзге түскен бала бидің қара қылды қақ жарған әділдігімен қатар, адамгершілік қасиеттері да жан-жақты қамтылған. Сонымен қатар, алты алаштың жұрты тұрған Ташкент шаһарын жоңғарлардан азат етіп, 20 жылдай басқарған һәкім ретіндегі тұлғаны ұжым көркем түрде көрсете білген.

 

Түсірілім жұмысы 8 айға созылып, 6 ай монтаждалды. Көрерменін асық еткен туындының толық нұсқасын көпшілік қауым Елорда күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көре алады.

 

Рейтинг газеті