Көкөніс, жеміс-жидектері әдетте ерте пісетін Жетісай ауданында көктем аяқталмай алғашқы өнімдерін ала бастады. Жергілікті диқандар жақында алғашқы 30 тонна бақша өнімдерін көршілес Ресей еліне жөнелтті. Диқан Ғабит Сабденов алдағы екі-үш күнде тағы да 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жіберетін болады. Биыл 30 гектарға қауын еккен шаруа қожалығының жұмысымен Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы барып танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Диқандардың айтуынша, биыл егістік жұмыстары ерте басталған. 8 наурыз күні 30 гектар егістік алқапқа қауынның 250 мың түп көшеті отырғызылған. Қауын 70 күн аралығында жетіліп шыққан. Оның 15 гектарына «F-1 Дакара», 15 гектарына «Аэропорт» сорты егілген.
Енді бірер күнде жетісайлық диқандар алғашқы қарбыздарын Ресей еліне жөнелтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде сатып алушылар егістік алқап басында арту жұмыстарына әзірлену үстінде. Жалпы биыл Жетісай ауданында 15 мың гектардан астам жерге қауын-қарбыз егілген. Оның 8 мың гектардан астамын қауын дақылы құрайды.