Ауыл іші көркеюде

Қысқаша

Онда қазіргі таңда 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Screenshot_2.jpg

Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округі аумағында Біріккен Араб Әмірлігінің құс өсіру орталығы жұмыс істеуде.  Құрылыс жұмыстарын бастағалы бері ауданға 68 млрд. теңге инвестиция құйылған. Онда қазіргі таңда 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Халықаралық қордың мақсаты – дуадақ құсын қорғау және олардың санын көбейту. Соңғы екі жылда 800-ден астам дуадақ еркіндікке жіберілген.

Бұл деректер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Бәйдібек ауданына іссапары барысында мәлім етілді. Бәйдібек ата елді мекеніндегі Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездескен аймақ басшысына аудан әкімі Бақытбек Танагөзов Елбасмының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ауыл – ел бесігі» атты жобасы аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады. Бағдарлама шеңберінде аудандағы Бәйдібек ата ауылында «Тағзым» саябағы салынып, ауыл ішіндегі бірнеше автомобиль жолдары қайта жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, аудан орталығы Шаянда орталық саябақ абаттандырылып, жаңа кітапхана бой көтеретін болады. Сонымен қатар, жиында облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жаңа стационарлық орталықтың құрылысы мен Бәйдібек баба-Домалақ ана жолын қайта жөндеуден өткізу қажеттігін тапсырды.

«Бердібай» шаруа қожалығындағы мал бордақылау алаңынына аялдаған облыс әкімі қожалық иесіне мал басын көбейтуді тапсырса, аудан әкімдігіне қожалыққа қажетті су, электр мәселесін шешуді жүктеді. 2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінде асылтұқымды мал басын арттырумен айналысып отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі Шаян ауылындағы жабық теннис корты мен жабық жүзу кешеніндегі ашық спорт алаңшаларымен танысты. Жабық теннис кортында спортшыларға барлық жағдай жасалған. Бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен айналыса алады. Сонымен қатар, спорттың волейбол, баскетбол, футбол, теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар бар. Өңір басшысы салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор екенін айтып, өңірлерде спорттық кешендерді көбейтуді тапсырды.