«Рейтинг» газетінің өткен санында «Сіз қай облыстың Құрметті азаматысыз?» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай редакцияға хабарласқан оқырманымыз өзінің пікірін білдірді. Қоңырау шалған Жақсылық Алтыбаевтың айтқандарын пікір десек те, ұсыныс десек те болады.
- Жасыратыны жоқ, Оңтүстікте Құрметті азамат атағының ешқашан құны болған емес,- деді әңгімені әріден бастаған ақсақал. – Бұған өзіміздің көңіл жықпастығымыз, ұсақ-түйек мінезіміз кінәлі. Егер атақты өңшең ауданның бұрынғы басшылары, аудан, облыс көлеміндегі атқамінерлердің әкелері, бизнесмендер, қалталылар ала берсе, не құны қалады? Қайбір жылы бір ауданда құрметті азамат атағының 200 адамға дейін берілгенін естіп жағамызды ұстағанбыз. Десек те «Рейтинг» газетінде жазылғандай, соңғы жылдары мұндай атақ лайықтыларға да, лайықсыздарға да беріліп кетті. Кейде қарап отырып, Сенат пен Мәжілістің депутаты болғандар міндетті түрде облыстың ¬ұрметті азаматы атануы тиіс пе деп ойлайсың. Ал қаншама еңбек азаматтары, қарапайым мұғалімдер, дәрігерлер тасада қалып жатыр.
Менің ойымша, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы мен Түркістан облысының Құрметті азаматы атағын бірдей санау, ауыстыру дұрыс емес. Ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Бәрі тарих күйінде қалуы керек. Бұрын КСРО-ның Халық әртісі атағын алғандар бертінде атағын Қазақстанның халық әртісі дегенге ауыстырған жоқ қой. Милиция генералы болғандар, кейін полиция генералы болған жоқ. Бұл да сол сияқты дүние.
Биыл Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы алғаш рет беріледі. Менің ойымша, бұл атақты бірінші кезекте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа беру қажет. Елбасының Түркістанға нендей ерекше еңбек сіңіргенін айтып жату артық болатын сияқты. Екіншіден, облыстың бұрынғы әкімі, Түркістан облысының тұңғыш әкімі Жансейіт Түймебаев та бұл атақты алғашқылардың бірі болып алуы тиіс. Өңірді басқарған жылдары Түймебаев тарихи шешімдерге қол қойды, тарихи өзгерістердің басы-қасында жүрді. Оның тікелей бастамасымен талай әкімнің тұсында көтерілгенімен жүзеге аспаған Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары екіге бөлінді. Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Түркістан облысы құрылды. Түймебаев Түркістанға мемлекеттік қызметкерлердің көшін бастап барды. Жаңа облыс орталығының іргетасын қалады. Одан бөлек Жансейіт Түймебаевтың тікелей бастамасымен өңірдің туристік әлеуетін арттыратын көптеген жақсы үрдістер қалыптасты. Сондықтан тұңғыш әкім қандай құрметке де лайық,- деді Ж.Алтыбаев.
Өз тарапымыздан айтарымыз облыстың ¬ұрметті азаматы атағы Ереже бойынша жылына 25 адамға беріліп келген болатын. Шымкент бөлінгеннен кейін де ол 25 күйінде қалды. Ал өзге өңірлерде облыстың ¬ұрметті азаматы 4-5 адамға беріледі. Ары барса 10-15 адам біздің де тақиямызға тар келмес еді.
Ал оқырманымыздың жоғарыда айтып отырғаны әрине, ұсыныс. Әкімдіктегілер, мәслихат депутаттары оған құлақ аса ма, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар.
Рейтинг газеті