9 мамырда елде бірқатар сайттар, әлеуметтік желілердің бұғатталуы билік тарапынан әдейі жасалған және ол өзін-өзі ақтады. Мұндай мәлімдемені белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев айтты.
Саясаттанушының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстандағы ішкі жағдайды тұрақсыздандырып, тұнықты лайлаушылар көп. Олар негізінен сыртқы күштер, іріткі салып, жанжал тудыруды мақсат тұтып отыр. Әшімбаев Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырап жатқаны туралы әңгімелердің таралуын осы себеппен байланыстырыпты. Бұл жоба Қытаймен арадағы интеграцияға қандай да бір кері әсерін тигізу үшін жасалған.
- Мен Вашингтондағылардың қазақтың мәдениеті мен тіліне қызығып отырғанына күмәнім бар. Бұл жерде антиресейлік және антиқытайлық мүделер бар,- деді саясаттанушы.
Соңғы уақытта қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің де әрекеті осыған ұқсас. Халықтың арасында іріткі салу, көшеге алып шығу.
-Ұлттар арасына іріткі салудың неге апарып соғатынын түсіндіру үшін Кавказ бен Балтық жағалауы елдеріндегі жағдайды мысалға келтіруге болады. Украинадағы Еуромайдан арқылы қантөгіс, төңкеріс жасалды. Оның салдары -Луганск, Донецк және Қырым. Осы төңкерісті жасаушыларды адамдардың тағдыры қызықтырған жоқ. Сондықтан мемлекет өзінің саяси егемендігін, әлеуметтік тұрақтылығын сақтап қалу үшін арандатушылық үгіт-насихатты бұғаттап тастауы тиіс. Әрине бұл жерде сөз бостандығы туралы әңгіме қозғауға болады, бірақ мұнда бүлдіргіштік басты рөл ойнап тұр. Ол ұлтаралық қақтығысты өршітуге бағытталып отыр. Ал бұл бізге қажет пе?,- депті саясаткер.
Ал ресми билік сайттардың бұғатталуын техникалық ақаулармен байланыстырып отыр.
Рейтинг газеті