Мамытбеков Шөкеевтің командасынан шығып қалды ма?

Қысқаша

Ө. Шөкеев Түркістан облысының әкімі болған кезде көпшілік енді көп ұзамай өңірге жаңа әкімнің командасы келеді деп күткен болатын. Бірақ, Шөкеевтің командасына қатысты болжамдардың біразы «іске аспай» қалды.

 252252.jpg

  Түркістанға келуі мүмкін деген алғашқы кадр Асылжан Мамытбеков болуы тиіс еді. Себебі Шөкеев қайда барса, Мамытбеков қасынан табылып, лауазымды бір креслоны иеленетін. Соңғы рет Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрі, ал Мамытбеков осы министрліктің жауапты хатшысы болған. Шөкеев кетісімен Мамытбеков орнынан босатылды. Бұл болжамның тура келетінін білдіргендей еді. Алайда содан бергі аралықта екі ай өтті. Мамытбеков жоқ. Уақтысында оның қарамағында істеген біраз кадрлар Түркістанға келіп қойды. Мамытбеков жоқ. Ол Түркістанға мүлдем келмей ме?

 

  Осы аптада «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында Асылжан Мамытбеков осы мәселеге өзі түсінік беріпті. Ол тілшінің:     

 

  -Енді алдағы жоспарыңыз қалай? Өткенде Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған  Арман Евниев «мемлекеттік қызметтен кетемін, қайтып келмеймін» деп ашық айтты. Ел ішінде «Мамытбеков  Түркістанға қызметке барады екен, Шөкеев шақырып жатыр екен» деген әңгімелер де айтылып қалады. Бұған не айтасыз?- деген сауалына:

 

   -Қазір «Ет одағының» төрағасымын. Бұл қызметке кәсіпкерлердің өздері шақырды. Әрине, бірқатар проблемалар бар. Соны шешу, жолын табу ол да қызықты нәрсе,- деп жауап беріпті.

 

  - Қызметке шақырғандар болмады ма?- деген сұраққа Мамытбеков:

 

  - Қызмет іздемедім. Өзім сұранып, шындап іздегенде табылатыны анық еді. Маған ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеген ұнайды. Және менің тарапыма айтылған сындарға жауап ретінде өзім қолға алған шаруалардан оң нәтиже шығарып, дәлелдегім де бар,- деген.

 

  Байқағандарыңыздай, Мамытбеков әзірге Түркістанға асығып отырған жоқ сияқты. Бәлкім шақырту болмады ма? Әлде Мамытбеков Шөкеевтің командасынан шығып қалды ма? 

 

Әй қайдам, біреулер Мамытбековтің Астанада қызметсіз отырса да Түркістандағы біраз мәселелерді шешіп жүргенін айтып жүр. Бұл қаншалықты рас? Мамытбеков күні ертең қызметті «шындап» іздейтін болса Түркістанның төрінен төбе көрсетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан әлі де әліптің артын бағалық.

 Рейтинг газеті