Жалпы контрабандистердің ісі бойынша 11 адам айыпталушының орынтағында отыр. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Дамирбек Асылбекұлын тағылған айып бойынша кінәлі деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеуге соттауды сұранды. Прокурор Асылбекұлының жазасын өтеп болған соң елден шығарылып жіберілуі тиістігін де атап өтті. Ал осы іс бойынша айыпталып жатқан «жапбасовтық» деп аталатын қылмыстық топтың жетекшісі Есбол Жапбасовты 15 жылға соттауды сұранды.
Сотталушылар былтыр 15-16 ақпанда арнайы жүргізілген операция кезінде ұсталған болатын. Ұсталғандардың арасында кеден, және құқыққорғау органдарының лауазымды қызметкерлері, брокерлер, делдалдар, қылмыс әлемінің өкілдері және үш Қырғызстан азаматы бар.
Мәлім болғандай, трансұлттық ұйымдасқан топ 2017 жылғы 1 желтоқсаннан 2018 жылғы 15 ақпанға дейін ірі және аса ірі көлемдегі халық тұтынатын тауарларды (жалпы құны 407 558 653 теңге) контрабандалық жолмен Қытайдан Қырғызстан арқылы Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте жеткізген. Салдарынан қазынаға 99 015 094,2 теңге сомасында кедендік баж салықтары мен міндетті төлемдер түспей қалған. Мұнымен Еуразиялық одаққа қатысушы елдерге аса ірі сомада экономикалық залал келтірілді. Іс материалдарына қарағанда, қылмыстық топқа басшылық жасаған Дамирбек Асылбекұлы оның мүшелерінің әрбіріне нақты тапсырмалар беріп отырған.
Дамирбек Асылбекұлы ұсталған бойда Қырғызстан оны депутаттық мандатынан айырған болатын.
Рейтинг газеті