Бірінші қазақша... Тек содан кейін ағылшынша

Қысқаша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте мектептегі үш тілде білім беру жүйесіне қатысты мәселеге назар аударды.

5abcc3049d524.jpeg

 – Бұл өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек, – деді Мемлекет басшысы.


  Бұрынғы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осыған дейін 2019 жылы 13,5 мың мектеп мұғалімі төрт пән бойынша ағылшын тілінде сабақ бере бастайтынын айтқан еді.


  Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалған Берік Уәлидің фейсбуктегі парақшасындағы жазбасына қарағанда, Президент жиында экономиканың өсуі мен әртараптандырылуына қол жеткізудегі басты факторлар ретінде инвестицияны, экспортты және индустрияландыруды атап айтқан. Осыған байланысты мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ орталық пен өңірлердің үйлесімді жұмыс істеу қажеттігіне тоқталған.


  Қ.Тоқаев жекелеген өңірлерде іскерлікке қолбайлау болатын әкімшілік кедергілер мен шектеулер мәселесіне де назар аударған. Одан бөлек, Мемлекет басшысы тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорт көлемінің министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіштері болатынын мәлімдеді. Сондықтан Президент Әкімшілігіне мемлекеттік органдардың қазіргі бағалау жүйесіне тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.

Рейтинг газеті