– Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім, – деді ол ХҚТУ-дің мәдениет үйінде облыстың зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде. Ал облыстың зиялы қауым өкілдері Тоқаевты жазушының ұлы ретінде өзіне жылы тартатынын айтумен болды.
Президент пен қарапайым халық арасындағы диалог осылайша ақжол тілеу, құтты болсын айтудың төңірегінен ұзаған жоқ.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт Президентке:
– Наурызбен тура келген қадамыңыз, аса жоғары мәртебелі қызметіңіз құтты болсын! Сіз барша жұрт білетін жазушының ұлысыз. Әкеңіз Кемел Тоқаев сізге Қасым атын қойғанда еліне ерекше тұлға болсын деп ниеттенген. Ол үмітті де ақтадыңыз. «Әзірет сұлтан» төңірегіндегі хандардың, сұлтандардың, билер мен батырлардың, данагөйлердің әруағы қолдасын. Астанамыз – Нұр-Сұлтан, текті төріміз Түркістан мәңгілік жасай берсін! – деді.
Белгілі айтыскер ақын Маржан Есжанова Президентке арнаған өлеңін оқып берді.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан сөздерінің бәрін қағазға қарап оқып берді. Тоқаевтың қытай, ағылшын, орыс тілдерінде тамаша сөйлейтін дипломат екендігі белгілі. Президент залда қазақ тілін түсінбейтіндердің жоқтығына қарамастан баяндамасының біраз жерін ресми тілде оқыды.
– Бүгінде қазақстандықтарды не мазалайтынын білемін. Жұмыс барысында бірінші кезекте қолға алатын бірқатар мәселеге назар аударғым келеді. Ең алдымен, бұл – әділеттілікке қатысты мәселелер. Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Тағы бір басты қағида бұл – әділ әрі тиімді мемлекеттік қызмет. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге байланысты бұл салада көп жұмыс істелді. Оны әрі қарай жандандыра түсу қажет, – деді Тоқаев.
Әкімдердің жылына бір рет есеп беруі Тұңғыш Президенттің Жарлығымен жүзеге асып жатқаны белгілі. Тоқаевтың көзбояушылық деп нені меңзеп отырғаны түсініксіз күйде қалды.
– Тағы бір маңызды мәселе – мемлекет қаржысын үнемде. Үкімет бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына қайта бейімдеуге тиіс. Басты халықаралық форумдар өткізілді. Олардың пайдасы зор болды. Әсіресе, ЭКСПО-ны ерекше атап өткен жөн. Бұл жаһандық деңгейдегі іс-шара болды. Бірақ, қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізілетін имидждік іс-шараларды күрт азайту керек. Мен Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктеймін. Ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қоюымыз қажет. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – дені сау ұлт, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру. Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Тұрғындарымызға таза ауыз су, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым қажет. Міне, біз осы міндеттерді шешетін боламыз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын, – деді Президент.
Тоқаев твиттердің белсенді қолданушысы екендігі белгілі. Былтыр күзде ол парақшасында «БАҚ-та жазылған той жөніндегі пікірталасты қолдаймын. Той мен салтанатты шаралардың форматын өзгертіп, кереметтей өтікізіп, ысырапшылық етуді тоқтату керек. Өзбектерден, түріктерден, түрікмендерден үлгі алу қажет. Тойды ұлттық дәстүрге сай жасағанымыз жақсы», - деп жазған еді.
Президенттің «ысырапшылыққа тойтарыс беремін» дегені көпшілікке ұнап қалды. Алайда, айту бір басқа, оны нақты жүзеге асыру басқа дүние. Облыс, аудан әкімдерінің арасында елге бір тиындық пайдасы жоқ іс-шаралармен айналысып жүргендері жетеді. Бірақ, сол әкімдерге соның ысырапшылық, пайдасыз дүние екендігін дәлелдеп көр. Сондықтан Тоқаев алдағы уақытта ысырыпшылықтың шекарасын анықтап беретін шығар деген үміттеміз.
Айтпақшы, жиын барысында Президент сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыра беруге уәде етті.
Рейтинг газеті