– Жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істеп жатырмыз, біз әр отбасыға жеке әлеуметтік картаны әзірлемекпіз. Бұл тұрғыда отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасыдағы проблемалар қамтылады. Осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды анықтаймыз. Отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бір бума қағаз жинайды, сондай-ақ арлы-берлі мекемелер арасында жүреді. Соны азайту үшін қазір бізде «Е-Халық» ақпараттық жүйесі бар, сол арқылы тиісті жұмыстар іске асырылады. Егер тұрғындардың құжаттары жеткіліксіз болса, сол құжаттарды беретін мемлекеттік органдардан қажетті мәліметтерді алып, азаматтарға тиісті көмекті тағайындайтын болады, – деді Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Бердібек Сапарбаев.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органға арызданып, көмек сұрап жатқан отбасылар көп. Мемлекет бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларды жұмыспен, кәсіппен қамту жағын қолға алады. Көмек өз күнін өзі көруге ешқандай мүмкіндік жоқ кезде ғана беріледі.
Министрдің айтуынша, отбасының жан басына шаққандағы табысы 20789 теңгеден асып кетсе, онда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. “Тәртіп солай. Солай деп бекітілген. 20789 теңге. Одан асса, ілінбейді”, – деді министр.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындар кезде зейнетақы да есепке алынады. Отбасы бірге тұрғандықтан, бір үйде тұратындықтан барлық кіріс есептеледі. Тек Президент тапсырғандай, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” бойынша төлемдер, мүгедек бала күтіміне берілетін жәрдемақылар ғана есептелінбейді.
Рейтинг газеті