Президент тапсырмасын түркістанша орындау

Қысқаша

2014 жылдың мамырында Шымкентке келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің командасына заңсыз беріліп кеткен жерлерді мемлекетке қайтаруды, осы бағытта атқарылған жұмыстарды халыққа жариялауды тапсырған еді. Алайд

   45454.jpg

 Іс басқарушының үстінен жазылған арыз күннен - күнге көбейе түседі. Бәрі жерге қатысты. Бір тұрғын Д.Ибраймовтың 2016 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың тамызы аралығында 25 жер телімін беремін деп, 18 миллион теңге алғанын, бірақ осы уақытқа дейін уәденің орындалмағанын жазған. Тағы бір тұрғын бас маманның «Жансая» демалыс орны жанынан жер алып беремін деп, 250 мың теңге алғанын хабарлаған. Артынша іс басқарушының үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тексеру барысында жер беру жөніндегі ауыл әкімі шешімдерінің қолдан жасалғаны анықталады. Ал ауыл әкімі Ербол Бекбердиев қарамағындағы қызметкерінің бұл әрекетінен бейхабар болдым дегеннен танбай отыр. Жуырда осы іс бойынша Әдеп кеңесінің алдына келген ауыл әкімі тағы да осы жауабын қайталады. Алайда, кеңес мүшелері бұл мәселе бойынша шешім қабылдауды кейінге қалдыру жөнінде ұйғарымға келді. Қылмыстық іс аяқталғанша. Ал қылмыстық істің немен аяқталарын кім білсін?!

  Таңқаларлығы сол, тергеу кезінде айыпталушы Д.Ибраймов жерге деп алған ақшаларды ауыл әкімі Ербол Бекбердиевке бергенін айтқан.  Алайда, Бекбердиев ешқандай ақша алмағанын мәлім етеді. Екі арадағы қарама-қайшылықты жою үшін тергеушілер ауыл әкімі мен іс басқарушыны беттестіреді. Алайда олардың екеуі де айтқандарынан қайтпаған. Бірі «бердім» дейді, екіншісі «алғаным жоқ» дейді. Қайсысына сенуге болады? Біз өткен аптаның аяғында осы сауалға жауап табу үшін Қарасу ауылдық округіне барып қайтқан едік.

  – Ибраймовтың ақшаны маған бердім дегені жалған. Ол жала жауып отыр, – деді ауыл әкімі. Оның айтуынша, 2017 жылдың тамызында ол ауыл әкімі болу үшін кезекті рет сайлауға түскен. Заң бойынша сайлау кезінде қызметінен шеттетілген. Әкімнің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған Д.Ибраймов жер беру жөніндегі бланкілерге қожайындық жасапты. Қитұрқы әрекеттерді ол осы сәтте жасағанға ұқсайды.

  – Шын мәнінде ешқандай жер болмаған. Шешім қолдан жасалған. Тіпті жер алуға өтініш те тіркелмеген. Ибраймов кейбір тұрғындарға басқа біреудің жерін апарып көрсеткен, – деді ауыл әкімі Ербол Бекбердиев.

Заңсыз әрекеттері әшкере болған Д.Ибраймов сол 2018 жылдың тамызынан бастап жұмысқа шықпай қойыпты. Ақыр аяғында ол осы себеппен қызметінен босатылған. Ауыл әкімінің айтуынша, іс басқарушының тұрғындарға келтірген шығынын нақты айту қиын.  20 миллион теңге дегеніңіз бергі жағы ғана сияқты. Одан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Ал арызданушылардың қарасы қазірдің өзінде 30-40-қа жеткен.  

  Е.Бекбердиевтің бізге таныстырған құжаттарға қарағанда, Дәурен Ибраймов алдымен таныстарына, әріптестеріне жақында жер берілетінін айтып, жер алғысы келетіндерді іздеп тауып, ақша жинауды тапсырған. Әкімдікте курьер болып істейтін Гүлдардың жазған түсініктемесіне қарағанда, ол Дәуреннің уәдесіне сеніп,  арнайы адамдар арқылы Әйтеке би ауылындағы 30 адамның әрқайсысынан 100 мың теңгеден жинатып, 3 миллион теңгені іс басқарушысына  апарып берген. Бірақ «Қарасудағы «ЭльНур» тойханасы жақтан жақсы жер беремін» деген Дәурен сөзінде тұрмаған.

   – Ақсукенттегі көліктің қосалқы бөлшектерін сататын бір азаматтан 18 миллион теңге алып, бірнеше жер беремін депті. Осыншама ақшаны анау жайдан жай бере салмағаны түсінікті ғой. «Бас маман анасының  атындағы үйді нотариус арқылы кепілге қойған, қазір сол үйді дүкен иесі алып жатыр» деген әңгімелер бар, – деді бізбен әңгімелескен ауыл ақсақалы Жоратбек Даубаев. Ақсақалдың айтуынша, жер аламын деп, Дәуренге ақша бергендердің қатарында тіпті Жетісайдың тұрғындары да болған. Былықтың бәрі ашылған кезде, Дәурен ізім-қайым жоғалған.

 «Халық бірлігі» қоғамдық ұйымының төрағасы, жерге қатысты заңсыздықтарды зерттеумен айналысып жүрген Қаныбек Төлеметовтің айтуынша, Д.Ибраймов Ақбастау ауылында Альвира деген азаматша арқылы 30-дан астам адамнан 11 миллион теңге жинаған. Ақшаны алып, уәдесінен тайқып кеткен. Қазір бұл істің арты қып-қызыл дауға ұласқан көрінеді. Не ақша, не жер жоқ болған соң ашуға ерік берген кейбіреулер өздерінше «рэкет» жалдап, «разборка» жасап жүргенге ұқсайды. Бас маман кейбір азаматтарға жалған шешім берген. Алданғандардың бәрі дерлік жерге мұқтаж, тұрмысы төмен отбасылар. Бұл жағы онсыз да түсінікті ғой.

   Сонымен ауыл әкімі айтқандай, Д.Ибраймов жерге қатысты шешімдердің бәрін қолдан жасаған. Бірақ осыншама істің бәрін бас маманның жалғыз өзі жасауы мүмкін бе? Ол ерте ме, кеш пе, өзінің заңсыз әрекеттерінің әшкере болатынын, мұның соңының үлкен дау-дамайға айналатынын жақсы білді ғой. Сонда ол кімге сенген? Адамның ақылына қонбайтын тірлік.

Ал Қаныбек Төлеметов бұл істің басы-қасында аудандық мәслихаттың депутаты, жергілікті жерде көбіне лақап атымен танымал «авторитеттің» жүргенін алға тартады. Бәрі соның айтуымен жасалғанға ұқсайды. 

  – Дәуреннің таныстарының айтуынша, ақшаның бәрін әлгі «авторитет» баласымен бірге алған. Ол бұл туралы айтуға қорқатын сияқты. Сондай-ақ кейбір жәбірленушілер де ақша бергендерін айтуға жүрексініп отыр, – деді төраға.

  Төрағаның айтуынша, Сайрамда жерге қатысты заңсыздықтар әлі де жалғасып жатыр. Соңғы уақытта ауданда жердің құжаттарын, бұрынғы әкімдердің шешімдерін қолдан жасау фактілері анықталған. Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының былтыр сәуірде Қ.Төлеметовке берген хатына қарағанда, 2015 жылы Сайрам аудандық әкімдігі Қарасу ауылының аумағынан бір азаматқа 45  гектар жер ұсынған. Ал ол жерді басқа бір азаматқа заңсыз сатқан. Жерді сатып алғандар оны 409 учаскеге бөліп, тұрғындарға сатып жіберген. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру амалдары басталған. Ал осыншама заңсыздықтар жүріп жатқан кезде әкімдік, құзырлы органдар қайда қараған десеңізші.

  Айтпақшы, біз Д.Ибраймовтың ісінен хабар алу үшін Түркістан облыстық прокуратурасының арнайы прокуратурасына хабарласқан болатынбыз. Осы іспен айналысып жатқан қызметкер «тергеу амалдарының құпиялылығына байланысты әзірге ешнәрсе айта алмаймын» деді. Тергеу әзір бітпейтінге ұқсайды. Айыпталушының өзі қамауда отыр. Басқа ешқандай ақпарат жоқ. Әрине, соттың үкімі шықпай жатып біреуді кінәлі деп айтуға болмайды. Бәрін сот шешеді. Ал алданып қалған тұрғындардың мүддесін енді кім қорғайды? 

  Ертең не жер, не ақша алмаған халық тағы да әкімдікке барып шу шығармай ма? Қайбір жылы дәл осындай жағдай Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте орын алған еді. Өкінішке қарай, бұдан ешкім қорытынды шығармаған сияқты.

  Президенттің тапсырмасын түркістанша орындау дегеніңіз осы.

Рейтинг газеті