«Пармановтың жұмысы плинтустан төмен»

Қысқаша

Ашынған тұрғындар Абай ауданы әкімінің жұмысына осындай баға берді

Valyuta.jpg

  Әдеттегідей әкімдердің ел алдындағы есеп беруі осы аптада  басталды.  Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың елге тапсырған емтиханына біз де қатысып қайтқан едік.

  Бұхарбай Парманов жалпы, жұртқа белгілі шенеунік. Бұған дейін Төлеби, Сарыағаш аудандарының тізгінін ұстаған. Екі ауданға басшылық еткен жылдары Парманов туралы елдің пікірі де екіге жарылып жүр.  Біреулері еңбекқорлығын алға тартса, енді бірқатары «тірлігінің көбі көзбояушылық» дегенді тілге тиек етеді.  Ал Шымкент қаоласы Абай ауданының әкімі ретінде елге есеп беруі ауыр сынға ұшырауға ұласты. «Қазығұрт» мөлтекауданындағы №66 мектепте өткен жиында алдымен Парманов атқарған жұмысы туралы есебін берді. Ол байандамасын бітіре сала сөз алған азаматтар  әкімнің атына жылы сөздер арнап, атқарған қызметіне оң бағасын беруге көшті. Қызды-қыздымен Пармановтың астына көпшікті тым қалыңдау тастағандар да табылды. «Жер-көкке сыйғызбайтындай, алты айда Парманов Абай ауданында тау қопарып тастап па?  Мұның бәрі алдын ала дайындалған сценарий бойынша...» деген сыбыр-күбір күшейді.  Сол тұста Абай ауданындағы қазіргі ахуалды 283,282 квартал тұрғындарының төрағасы, қоғам белсендісі Арман Алпысов айтып берді.

  – Сіздің атқарған жұмыстарыңызға 283, 282 кварталдағы халықтың атынан қояр бағам өте төмен. Едендегі плинтус бар ғой. Міне, сол плинтустан төмен. Неге деп сұрайсыз ба? Өйткені, біздің кварталда ішетін су жоқ. Әшейін ішетін су жоқ. Адам деген күніне 3 литр су ішу керек. Осыған байланысты біз көршілермен бірге қала әкімінің атына, сізге де бірнеше рет арыз жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Одан кейін сіздерге арнайы ұсыныс хат жаздым. «Еш болмаса водовоз көлігін жүргізіңіз немесе колонка қойып беріңіз» деп. Оны да шеше алмадыңыз,- деді А.Алпысов. Зал ішіндегі атмосфера 180 градусқа өзгерді.

  -Әлі күнге жекеменшік трансформаторға күніміз қарап отыр,-деді әңгімесін ары қарай жалғаған А.Алпысов.  -Жарық жиі сөнеді. Бізде бір жағдай болды: өрт шығып бір үй отқа оранғанда өрт сөндіруші көлік саз-балшық жолдан өте алмады. Себебі, жолға төселген тастың ені – 3 метр. Ол жерге өрт сөндіруші көлік сыймайды.

  Пармановтың өзі  алты айдан бері  аудандағы коммуналдық жағдаймен әлі толық танысып үлгермей ай қарап жүрген бе түсінбедік. 

  Ашынған елдің уәжіне жауап таппай жаны қысылған шақта микрофонды Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзге ұсынып құтылды. Басқарма басшысының  орынбасары А.Алпысовты уәдемен «тойдырмақ» болып еді. Қоғам белсендісі бұл уәдеге қанағат қылмай, «жұмысты нақты қашан бітіресіңдер?» деп тықсырып ала жөнелді. Нұрлан Жаманкөз тығырыққа тіреле бастады. А.Алпысов күшейіп бара жатқан соң, әкім Б.Парманов амалсыз өзі дауға қайта араласты. Ашулы үнмен: 

  – Сіз прокурор емессіз, тергеуші емессіз. Сіз ғана сөйлей бересіз бе? Біз де сөйлейік, - деп ауыз су азабына  қатысты енді мүлде басқаша сайрай жөнелді.  Бұл жолы өзін ақтап алуға ұмтылғаны ма, елдің назарын Нұрлан Жаманкөз істейтін басқармаға қарай аудара салды: 

  –       Біз протоколға енгізіп, қаржы бөлдіртіп, міндетті түрде суды тасымалдауды қамтамасыз етуіміз керек. Демеушілер бір рет, екі рет тасиды, болды, одан ары тасымайды. Осы үшін қаржы жағын қарастырып беріңіз. Бұл кісілер әр жерден жағымсыз су ішіп жатыр. Ертеңгі күні ауру тарап кетсе біз тікелей жауапты боламыз. Сіз айтып жатырсыз, бюджеттен қаржы қаралмай жатыр, мүмкіншілік жоқ деп. Менің де мүмкіншілігім жоқ. Не істеуіміз керек? Дұрыс көзқараспен қараңыз. Мекемелер бар бізде... Бір-екі автокөлік табайын. Бірақ, жыл он екі ай қамтамасыз ете алмаймын ғой. Сіз бізге жәрдем беріңіз, - деп ұсынысы мен өтінішін білдірді. Иә, халық әкім Пармановтан көмек сұрайды. Ал Парманов басқармадан көмек сұрайды. Осылайша шенеуніктер бір-біріне сілтеп  жүре берсе елдің мұң-мұқтажы қайдан шешілсін?

  Айтпақшы, Арман Алпысовтың айтуынша, есеп беруде шымкенттік шенеуніктер аталған кварталдарда жолдың сапасыздығын, айтылған арыз-шағымды бос дабыраға балапты. Ертеңіне Парманов кварталдағы тұрғындарға арнап «водовозбен» су жіберген екен. «Водовоз» кварталдың батпақ көшелеріне тығылып, діттеген жеріне жете алмай қалғанын «Рейтингтің» оқырмандары хабарласып айтты.