Төлеби ауданындағы туристерді қызықтыратын орынның бірі – Жылақ ата мекені тарих пен аңызға өте бай. Жылақ ата жартасынан ағатын су тамшылары ерекше емдік қасиеттерге ие, олардың әр тамшылары бір-бірінен дәмі арқылы ерекшеленеді және емдік мақсатта қолданылады. Жартастан ағатын тамшылар көз ауруы, бүйрек және бауыр, асқазан, жүрек дерттерінен сауықтырар шипалы бұлақ көзі болып саналады. Жартас жанында орналасқан үңгірді су шайып, ал бұлақ сулары бүгінде жартастардың бетін жауып, тамшылап ағып тұр. Бұл киелі орын туралы аңыздың бірінде бағзы заманда Арабиядан Ислам дінін уағыздауға Сайдсахи Жамал деген діндар адам келгені, оның үңгірді паналағаны баяндалған. Ол кісінің тақуалық имани қасиетінен бөлек, емшіліктен хабардар дана адам болғаны да айтылады, көптеген адамдарды емдеп, ризашылығына бөленген. Жаугершілікте екі ұлынан айырылған ата өмірінің соңына дейін осы үңгірді паналапты. Осы жердегі су тамшылары сол кісінің көз жасы деседі.
Киелі орын туралы шырақшы Жанболат Тәліпбаев Ислам дінін уағыздаған сахабаның болғанын растайды. «Күндердің күнінде шапқылық болып, ер-азаматтар соғысқа кетеді. Жас балалар, әйелдер қалған. Бірде ұл-қыздар осында ойнауға келгенде жаудың жандайшаптары қуалап түсіп, бәрін өлтірген. Сол себепті де халық арасында бұл жер Жылақ ата әулиесі атанып кеткен. Суының емдік қасиеті бар, ниет етіп келгендерге шипасы тиіп жатады. Жылақ ата суының тағы бір ерекшелігі– күндіз де, түнде де кемпірқосақ секілді түстермен сәулесін шашып тұрады. Алдағы уақытта осы араға түсуді жеңілдететін текпішек салып, тас жол төсесек деген жоспарымыз бар», – дейді әкесінің игі ісін жалғастырып, он жылдан астам уақыт бойы осында шырақшы болып жүрген Жанболат Тәліпбаев.
Ну тоғайдың ішінде орналасқан әулиелі орынға түсіп-шығуы қиындық тудыратынына қарамастан Алладан дертіне шипа, жанына медет сұрап келушілер қатары көп екен. Барлығы да дәмі бір-бірінен ерекшеленетін бұлақ суларынан ыдыстарын толтырып алып қайтуда.
Бүгінде мұнда келушілерге барлық ыңғалы жағдайлар қарастырылған. Сапалы жол, нұсқаулық белгілер т.б. Қаншама ғасыр өтсе де Жылақ атаның жартасына келушілердің қарасы үзілген емес.