Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен, - деп қазақтың дана ақыны Абай Құнанбаев жырлағандай - «Жаз» келді дегенше, жер көк кілемдей жайқалып, күннің көзі жарқырап шыға келеді. Жаз төрт мезгілдің ішіндегі ең ыстық әрі ең көңілді мезгіл. Өйткені оқушылардың барлығы оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа шығады.
Жаз саяхаттауға, шексіз серуендеуге арналған мезгіл секілді. Жылы мезгілде таңертеңгілік жүгіріп, таза ауамен тыныстап қайтуға да мүмкіндік мол болады. Қазақстанның табиғаты көрікті жерлері мен әсем табиғатын көруге жаз айларында балалар әртүрлі демалыс лагерлеріне барады. Онда барып демалуға, емделуге керемет мүмкіндіктер туындайды.
«Балдәурен» - бақытты балалық шақ! Балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауығуын ұйымдастыру мен олардың шығармашылықтарының дамуына барлық жағдайлар жасайтын теңдесі жоқ бірден бір – Республикалық оқу-сауықтыру орталығы «Балдәурен». Жаздың жайма шуақ күні, көк аспанмен таласқан биік-биік таулары Балдәуреннің көркіне көрік сыйлайды. Бауырына келген әр баланың демалысын, сауығуын, салауатты өмір салтын сақтануына бар жағдай жасалынып, әр күн өз естеліктерімен есте қалады. Оқу жылына қарағанда балалардың Балдәурендегі жазғы демалысы ерекше ұйымдастырылады. 15 күнге жоспарланған жұмыс кестесі анықталып, жұмыстар жүргізіліп отырады. Түрлі қызықты іс-шаралар, тартысты жарыстар, көңілді кештер мен табиғат аясына серуендер ұйымдастырылады. Әр баланың демалысының тиімді өтуіне орталықтың кез-келген қызметкері аянбай еңбек етеді.
Мен бұл бақыт ордасына 2014 жылы алғаш келгенімде атауы өзгеше, «Тау самалы» мамандандырылған оқу-сауықтыру орталығы болатын. Балалармен жұмыс жасап, өзімнің болашақ өмірімді балалармен байланыстыруға шешім қабылдадым. Орталыққа келген әр балаланың өмірінің бір бөлшегі, ақылшы досы, үлгі тұтар тәлімгері болғым келеді.
Бала өмірдің шырағы,
Бар қызығың балада, - деп дана халқымыз бекер айтпаған. Баламен бірлесе жұмыс жасап өзіңді күннен-күнге дамытасың. «Балдәурен» аралы ғана емес бақыт ордасы. Әр балаға ерекше жағдай жасалынады. Орталыққа келген балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Әр топтың өзінің жауапты ұйымдастырушы-ұстаздары болады. Лагердегі баланың ата-анасы, қамқоршысы, ақылшысы, жақсылыққа бастаушысы, 15 күн бойы өзінің тобындағы баламен бір жүріп, барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Баланың дамуына, өзіндік ерекше тұлға болып қалыптасуына, уақытша бірлескен тобымен тығыз қарым қатынаста болу үшін топ ішілік көптеген ойындар ұйымдастырылады. Топтық жұмыс түрлері баланың ынтасын ортаға аударуға, өзін еркін және балалармен тығыс қарым-қатынаста болуға, өзінің топ жетекшісіне көңіл қоюға, естігенін не көргенін қабылдауын жеңілдетуге, орталыққа тез бейімделуге үйретеді. Осындай баланы дамытуға арналған бірнеше топтық жұмыс түрлеріне көшсек:
Ойын технологиялар: «Снежный ком», «Домик и жители», «Одиало», «Кім жылдам», «Пиф-пах», «Зоопарк», «Я лидер», «Реклама», «Молекула», «Достық лебіз», «Ковбой», «Ақ серек, көк серек» «Әр түрлі жанрдағы музыкалық ойындар», және т.б баланың ортаға тез бейімделіп, өзін еркін ұстауына бағытталған танымдық ойындар. Топтық жұмыстарды ұйымдастыру ұйымдастырушы-ұстаздардың тәжірибесіне тікелей байланысты.
Орталығымыздағы жазғы демалыстың қызықты да, әсерлі естеліктерге толы болып өтуі ұйымдастырушы-ұстаздарға байланысты. Білім ошағынан өздерінің саналарына тиісті ақпараттарды жылдам қабылдай алатын дарынды жас буын, біз сіздерді Балдәуреннің төрінде күтеміз.
ТУЯҚБАЕВА Жанерке Ғаниқызы,
«Балдәурен» РОСО филиалының ұйымдастырушы-ұстазы.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы