Қала тұрғындары мен туристерге қолайлы орта қалыптастыру басты назарда

Қысқаша

Құрылысы қайнаған рухани мекенде жұмыс істеп жатқан азаматтардың басым бөлігі алыс-жақын елдерден келушілер.

Screenshot_27.jpg

Жақында Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлының төрағалығымен өткен аппараттық мəжілісте қаладағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жəне автотұрақтар жағдайы мен бағыттағы автокөліктерді жаңарту іс-шарасының орындалуы, қала аумағында болған өрттер жəне алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, қалаға жақын шет елдерден келіп жұмыс жасап жатқан азаматтардан түсетін салықтық түсімі туралы кеңінен баяндалды.

Жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбековтың айтуынша, қалада жалпы саны 21 қоғамдық көлік бағыттары бар. Бұл бағыттарға “Жолаушы” ЖШС қызмет көрсетеді. Бүгінде 270 автобус пен шағын автобус тұрғындарды тасымалдауда. Мұндағы қоғамдық көліктердің 15 пайызы “Жолаушы” ЖШС-нан болса, қалған 85 пайызы келісім шарт негізінде қызмет көрсетуші жеке азаматтардың автокөліктері. Ол көліктердің тең жартысынан жоғарысы 7 жылдан аса қызмет көрсеткен.

2018 жылы қаламыз облыс орталығы атанғанын ескерсек, тұрғындар мен келуші қонақтардың саны өскен. Осы мақсатта, қолданыстағы шағын автобустарды сыйымдылығы орта автобустарға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, нəтижесінде 10 бағыт бойынша 75 қоғамдық көлік ауыстырылған.

Көлік тізгіндеушілер үшін автотұрақ мəселесінің бір жолға қойылуы да басты назарда. Бұл ретте, мемлекет тарапынан көлік тұрақтары тек қоғамдық орындарда салынатыны, ал жеке кəсіпкерлер өз ғимараттары алдына автотұрақты өздері салып, тұтынушыларына жағдай жасауы керек. Қала əкімі Р.Абатұлы өз сөзінде, тұрғындар, жаяу жүргіншілер мен туристерге қолайлы орта қалыптастыру керектігін баса айтты.

Құрылысы қайнаған рухани мекенде жұмыс істеп жатқан азаматтардың басым бөлігі алыс-жақын елдерден келушілер. Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Б.Туғанбековтың сөзінше, жұмысшылар Тəжікстан, Өзбекстан елінен келген. Жалпы, бүгінге дейін қалаға 9700 адам жұмыс істеуге келген. Олар құрылыс, саяжай, егістік алқаптарында  қызмет етуде. 2-7 қыркүйек аралығында жүргізілген жұмыстар нəтижесінде 800-ден астам шетелдік азамат уақытша тіркеуге қойылған. Оның ішінде жеке сапармен, жұмыс, оқу жəне басқа да мақсатпен келгендер де бар. Ал, заңсыз жүрген 15 азаматқа əкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынып жəне Қазақстан Республикасы аумағынан аластату жұмыстары жүргізілген.

Өткен аптада қонақ үйлерде шарпыған жалын да аппараттық жиын төрінде назардан тыс қалмады. Бір апта ішінде екі бірдей қонақ үйдің өртке орануын үлкен сынға теңеген қала əкімі алда мұндай оқиғаларды болдырмау, алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметкерлерінің апта сайын тексеріс жүргізуі керектігін баса айтты. Сонымен бірге, пойыз жолдарда апатты оқиға болмас үшін де қадағалау жұмыстарын жандандырып, қауіпсіздік шараларын жүргізу жауапты мамандарға тапсырылды.