«Өнегелі отбасы» атты үлгілі отбасылар арасында байқау өтті

Қысқаша

Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің ұлттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.

Screenshot_39.jpg

Бүгін Түркістан қалалық мәдениет үйінде Отбасы күніне орай «Өнегелі отбасы» атты үлгілі отбасылар арасында байқау өтті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру, келешек ұрпақтың көрегенді, тәрбиелі де әдепті болуын алдын – ала ойластыру мақсатында қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа 4 жанұя мүшелері қатысып, бақтарын сынады деп хабарлайды қалалық "Түркістан" газеті. 

Қатысушылар байқау барысында көпшілікке өнегелі отбасыда ғана үлгілі ұрпақ өсетінін жеткізуге тырысты. Отбасылық сайыста «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» (таныстыру), «Білгенге маржан» (сұрақ-жауап), отбасындағы отағасының сүйікті тағамын дайындау, «Өнерлі өрге жүзер» (отбасылар өнері) тақырыбында өрбіген 4 кезең бойында халқымыздың қанына сіңген, сүйегіне өткен, ұлттық кодымыз болар салт-дәстүрлер жаңғырды.

Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы командасы үшін барын салды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасыған, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің ұлттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Құрбанәлі Қалымбет отбасы жеңіп алды. Отанасы Ләззат Утешова қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың «Жігерлендіру», ақиық ақын Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқыса, гүлдей жайнаған қыздары да өнермен сусындап өскендерін жарқырата көрсетті. І-інші орынды Нарымбетовтер отбасы жеңіп алды. Ал, ІІ-інші орынды Пашановтар әулеті , ІІІ-інші орынды Байтасовтар шаңырағы иеленіп, мерейлері тасыды.

-Негізгі мақсатымыз – отбасындағы ынтымақ, бірлік, құндылықтар, татулық, сыйластықты дамыту болды. Бүгінгі байқауда әр үй өз отауында орнаған шаттық сырымен бөлісті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан, балаларды білімді, білікті, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жеке тұлғаны даярлау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз»,-дейді қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет.