Түркістанда ең арзан кәдесый 10 теңге тұрады

Қысқаша

Түркістанда ең арзан кәдесый 10 теңге тұрады

Өзге елге саяхаттаған туристер барған жерінен ұмытылмастай естелік алып, сақтағанды қалайды. Ол естеліктер тек фотосуреттер емес, бұйым күйіндегі туыс, таныс, дос-жаранына аталып арнайы алынған сыйлықтар. Түркістан қаласы – тарихи - архитектуралық жәдігерлерден тыс, ғасырлар бойы сақталған атакәсіп- қолөнер саласының орталығы. 

5161db0b87c486a418195d04e53bb649.jpg

Ислам Сталинбектің кәдесыйы

Десек те, нарықта шеберлердің сапалы бұйымымен қатар кәдесый дүкендерінде сап түзеген қытайлық бұйымдар саудасының бәсі жоғары.Түркістандағы туристердің қандай бұйымдарға қызығатынын анықтау мақсатында «Кәдесый орталығында» сауалнама жүргізген болатынбыз.  Зерттеу нәтижесінде байқағанымыз, ең арзан бұйым - 10 теңгелік моншақпен әсемделген түйреуіш екен. Темірден жасалған тұрмыстық бұйымдарға арналған магниттер 50-200 теңге аралығында бағаланады.  Шағын кәсіпкер Мұратхан Пернебаевтың айтуынша, жапсырма магниттердің саудада бәсі жоғары. Көңіл-қымбат деп, арзан бұйымды таныстарына тарту еткісі келетіндер көп. Бұл, әрине арзан саяхат жасауға таптырмас мүмкіндік беретін тәсіл. Одан кейін, 200-500 теңге аралығындағы аксессуарлар сұранысқа ие. Саудагерлер моншағын алып, өздері әшекей жасауға дағдыланған. Бұл фактор кіріс көлемінің артуына ықпал етеді. Зиярат етіп келушілердің кейбірі бас киім ала келмейтіндіктен қыз-келіншектер 500-1500 теңге аралығында орамалдар сатып алады. Ерлердің тақиясы 100-1000 теңге аралығында саудаланады. Айта кететін жайт, түркістандық кәсіпкерлер өте көңілшең. Әңгімеге айнадырып аз тұрсаң, кәдесыйды арзан бағаға «іліп кетесің».

0e057e34bbe0a5a6c35be03297460cec.jpg

Суретте Ислам Сталинбек

Ислам Сталинбектің отбасы кәдесый саудасымен айналысқанына 15 жыл болған екен. Бастапқыда, анасы сауда жасағанымен кейіннен қолқанат ұлдары кәсібіне араласыпты.

-Қазақы бұйымдарға сұраныс жоғары болғандықтан өзім қолөнер кәсібін қоса игердім. Кіріс жақсы, әрине. Табыс жоғары болмаса, бұл кәсіппен сонша жыл айналыспайтын едік. Жылы кезеңдерде тұтынушылар көп болады. Салқын кезеңде шеберханада кәдесый жасауға уақыт арнаймын.  Сүйек және мүйізден жасалған бұйымдарға сұраныс жоғары. Себебі екі материалмен жұмыс істейтін шеберлер аз. Ағаштан ұлттық аспаптардың шағын көлемдегі нұсқаларын жасаймыз. Жергілікті зияратшылар қолжетімді нарықтағы кәдесыйды тұтынады. Ал ұзақ елден келетін шетелдіктер рухани құндылығы жоғары бұйымдарға таңдау жасайды. Кәдесый саудасы -маусымдық кәсіп. Тұрақтандырып, табысты ыңғайға келтіру адамына да байланысты. Маркетингте тіпті сіздің орналасқан орныңыз да рөл ойнайды. Кәдесыйды жасаған шебер мұнда тұр десе, тұтынушы елең етеді. Бұйым қалай жасалғанын, қандай мағынасы барын сұрап біледі. Суретке түсіріп алады. Сөзге келмей, ұсынған бағаңызда затты сатып алады, - деді Ислам Сталинбек ұста.