Түркістан облыстық мәслихатының 38-сессиясында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев идеологиялық дамудың 4 бағытын айқындады. Идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – Түркістанға келген әр адам күллі қазақ мемлекетінің тарихы жайлы мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер киелі жерлерде зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды. Шынында, мәдени туризм арқылы қаражатын молайтып отырған мемлекеттер көп. Түркістанның терең тарихы- туристерді өзіне баурайтын жетекші фактор. Инфрақұрылым мен тартымды экспонаттар да жеткілікті.
Облыстық тарихи-мәдени этнографиялық мұражайда қазақ елінің тарихы кең ауқымда қамтылған. Біздің дәуірімізден 1 миллион жыл бұрын өмір сүрген "тік жүретін адамнан" бастап, қазіргі заман тарихына дейінгі уақыт аралығын қамтитын, ғасырлар қойнауынан жұмбақ сыр шертетін орталықтың экспозициясы негізгі сегіз ірі бөлімнен тұрады, олар:"Ерте дәуірдегі Түркістан тарихы", "Орта ғасырлық Түркістан тарихы" , "Шыңғыс хан мен Әмір Tемір дәуіріндегі Түркістан тарихы", "Оңтүстік Қазақстан жеріне Ислам дінінің таралу тарихы", "Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасы", "Қазақ хандығы тарихы және Түркістан – қазақ хандығының Ақордасы", «19-20 ғасырлардағы Түркістан тарихы», "Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан". Мұражайда жалпы 6000 экспонат жинақталған. Облыстық тарихи-мәдени этнографиялық мұражайдың балансында Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов мемориалды мұражайлары бар. Мұражай директорының орынбасары Тұрар Шамшитдинұлы: "Ресей мен Қытайдан келетін туристер көп. Кіру билеті мектептің 9-сыныбына дейінгі оқушыларға тегін, 9-11 сынып оқушыларыа 50 теңге, студенттерге-100 теңге, ересектерге 200 теңге, шет елдік азаматтарға 500 теңге. Шет елдіктерді 16 қанаттық киіз үй мен хан тағы қызықтырады. Шет елдік туристер бір жәдігердің алдында сағаттап тұрады",-деді.