Гаухар ана кесенесі билік назарында

Қысқаша

Гауһар ана кесенесі аумағын абаттандыру, тазалығын сақтау, келуші туристер мен қонақтарға жайлы жағдай жасау күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.

Screenshot_7.jpg

Талай тарихи оқиғаларға куә болған Түркістан жері ескерткіш пен кесенеге бай өлке.  Солардың бірі шаһардың оңтүстігінде орналасқан Гауһар ана кесенесі.  ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ананың қабіріне бүгінде зиярат етушілердің ағыны тоқтаған емес. Сан ғасырдан бері қаңқасын сақтап келе жатқан кесене қазір де қараусыз қалып жатқан жоқ. Қабір жапқышы жаңартылып, кілем мен қонақтарға арналған төсеніштер ауыстырылды. Сонымен қатар, кесене мен құдық суына апаратын аяқ жол бойына арнайы құмыралар орнатылып, гүлдер қондырылса, аула тастардан тазартылып, түрлі - түсті әсем гүлдердің тұқымы себілді.

" Былтырғы жылы кесенеге келушілерге арналған автотұрақ салынып, айналасы темір шарбақпен қоршалды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылды.  Биыл аталған кесене аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарқынды түрде жүзеге асуда. Бірнеше жылдар бойы қат болып сірескен жер арнайы техникалардың көмегімен жыртылып, ірі-ірі тастардан тазартылды. Бұл жерге тыңайтқыштар сеуіп, гүл, ағаш қондырдық. Сондай-ақ, құдық аумағына тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Кесене іші тұрақты түрде  әктелсе, автотұрақтың шарбағы сырланып, дәретхана да талапқа сай жөндеуден өтті",- деді Гауһар ана кесенесінің қорықшысы Оразғали Сапарбаев.

Гауһар ана кесенесі  аумағын абаттандыру, тазалығын сақтау, келуші туристер мен қонақтарға  жайлы жағдай жасау күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. 

Айта кетсек, 2015 жылы Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар анамыздың кішігірім бейітіне «Әзірет Сұлтан»  қорық-музейі қайта кесене тұрғызды. Кесене аумағындағы негізгі жұмыстар қолға алынып, жантақ, шеңгел басқан аумақ гүлзарлармен абаттандырылып жүйелі түрде ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Ескерту, белгі тақтайшалары қайта жаңартылып, Гауһар ана кесенесі туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылды. Алыс-жақыннан ағылатын туристердің легі  көп болатын болғандықтан заманауи талапқа сай дәретхана салынды. 

Гауһар ана кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК құрамына діни-рухани ескерткіштер ретінде тізімге алынған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында биылдан бастап,  кесене маңына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Сапар орталығы бой көтеріп, туристер үшін рухани орталыққа айналдыру көзделуде.