Қазіргі қоғамда діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы басты мәселе. Соңғы жылдары дінге бет бұрып жатқан және олардың басым бөлігін жастар екендігі көпшілікке аян. Бір жағынан – бұны жақсы хабарға баласақ, екінші жағынан –дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз жәйіттер алаңдатады. Еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардан сақтандыру мақсатында бүгінде көптеген іс-шаралар өтуде.
Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығында «Жат ағымдардың алдын алу» тақырыбында қаланың жастарымен дөңгелек үстел өтті. Кездесуге Республикалық АТТ мүшесі, дінтанушы Арман Қуанышбаев пен Түркістан облысы Дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-сі «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Дәлелхан Оспанов қатысып, жат ағымның жетегіне түспеудің жолдары жөнінде жастарға тұшымды ақпарат берді.
Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.