1993 жыл. Ел аумағында жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Айналымға түскен қағаз ақша түріндегі тиындар уақыт өте келе темір ақшаға айырбасталса, арада көп ұзамай, ұсақ ақшалар түгел темірге көшірілді. Бір мүшел өткенде теңге өзгеріске ұшырап, суреттер алынып тасталды. Орнына жаңа банкноттар пайда болды. Жалпы, ұлттық валюта ұлттық экономиканың іргетасын қалауға ықпал етті. Ұлттық валютаға биыл 25 жыл! Осыған орай, Сайрам ауданында бір топ қаржыгерлердің еңбегі еленіп, марапатталды. Өз саласының үздіктерін жергілікті атқамінерлер алғысхат пен бағалы сыйлықтар табыстады. «1993 жылдан бастап еліміздің өз қаржысы өзінде болғандықтан экономикалық жағдай тиісті деңгейде өсе бастады. Бұл күнді мереке етіп тойлап жатқанымыз да өте орынды. Қаржы жүйесінің қызметкерлері, сіздерсіз ешбір мекеме жұмыс істемейді. Бухгальтерияның орны ерекше. Мерекелеріңізбен! Еліміз 30 елдің қатарына қосыла берсін!»,- деді алғы сөзінде Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы Жансерік Сүлейменов.
Іс-шара барысында әннен шашу шашылып, ерекше концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қаржы саласында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жанның бірі Алтынай Айтекеева. Ол бұл мерекенің орны бөлек екенін айтуда. «Бүгінгі теңге дербес тіршіліктің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағына айналды. Сонымен қатар, ұлттық валюта 25 жыл ішінде түрлі қаржы дағдарысына төтеп беріп, көпшілік тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Бұл мерекенің біз үшін орны ерекше»,- дейді Сайрам аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева.