Өткен аптада Францияда келіссөздер өткізілді, олардың қорытындысы бойынша бірлескен кәсіпорын құру мақсатында Kazakh Invest, ECM Technologies француз компаниясы және қытайлық CEEC–NWPC International компаниясы үшжақты келісімге қол қойды. Бұл келісім аясында күн элементтерінің толық циклін өндіру ғана емес, сонымен қатар станциялар құрылысын бастан-аяқ салу да қарастырылған. Алғашқы тапсырыстар Ресейде (300 МВт) және Орталық Азия елдерінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Kazakh Invest қолдауымен қытай компаниялары ҚР-да жоғары технологиялық өндірістерді іске қосуда.
Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, Іскерлік кеңес аясында 15 жобаға қол қойылған, олар негізінен инновациялық өндірістер.
Мәселен, CITIC Construction Co. вице-президенті Джинчианг Янгпен бірлестікте жоғарғы класты жағармай, бензин және дизель фрациялары, минералды отын және сұйылтылған көмірсутек газдары өндірісі бойынша келісімге қол қойды.
Сонымен қатар Hebei Hua Tong Cable компаниясымен жасалған келісім Қарағанды облысында кабель өнімдерінің өндірісі жобасын іске асыруға бағытталған. «Фарма Бейчжун-Илинь» компаниясымен қытай медицинасы және дәрілік шөптер өсіру орталығын құру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұдан өзге, «ҚазАзот» АҚ, Cathay Industrial Biotech және CITIC Construction Co. арасында ҚР-да биохимиялық кластерді дамыту туралы құжаттарға; «Аллюр компаниялар тобы» АҚ, қытайлық СМС компаниясы және «Бәйтерек» холдингі арасында автомобиль кластерін одан әрі дамыту жөніндегі жол картасына; «Агромашхолдинг KZ» АҚ мен YTO арасында тракторлар құрастыру өндірісін ұйымдастыру бойынша меморандумға, сонымен қатар Kazakh Invest, ECM Technologies француз компаниясы және қытайлық CEEC–NWPC International компаниясы арасында жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Айта кетейік, Қазақстандағы күн электр станцияларының құрылысына инвестициялардың жалпы көлемі $300 млн көлемінде жоспарланған, олар NPWC компаниясының және қытай қаржылық институттарының қатысуымен тартылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде жалпы сомасы шамамен $13 млрд құрайтын экономикалық сипаттағы 40 құжатқа қол қойылды, олардың 15-і — Kazakh Invest атсалысуымен. Бұл келісімдерге сәйкес Қазақстан аумағында машина жасау, биотехнологиялар және т.б. салаларда жаңа жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу жоспарланған.