Оңтүстік Қазақстандағы Шардара ауданы туризм ошағына айналмақ

Қысқаша

Аудан басшысының айтуынша, туристік аумаққа тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд. теңгені құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданы жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Шардара су қоймасы жағалауындағы туризм саласын дамыту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта 255 гектар аумақта 60 нысан құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақ үйлер, яхт клуб, ресторандар, аңшылар және балықшылар үйі, аквапарк сынды ғимараттар бой көтереді», - деді сөз басында Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов.

Аудан басшысының айтуынша, туристік аумаққа тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобаға инвесторлар қызығушылық танытуда. Бұл жұмыстар іске асқан жағдайда 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бірнеше нысан бой көтеретін болады. Нәтижесінде өңірге келуші туристердің саны 45 мыңнан асады деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, Шардара ауданында 19 кәсіпорын жұмыс жасайды. Өткен жылы осы өндіріс орындарында 7844,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында осы уақытқа дейін ауданда жалпы құны 1482 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылды.

«Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімін 8960 млн.теңгеге жеткізу жоспарланған. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде ауданға инвестиция тарта отырып, ағымдағы 3 бірдей жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында жалпы жобалық құны 200 млн. теңгені құрайтын өндірістік қуаттылығы 600 тонналық «Байтерек ББМ» ЖШС-ң «Балық өңдеу зауытының құрылысы» бар. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Сондай-ақ, өндірістік қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын «Ай-Кажы» Ак-алтын» ЖШС-ң «Мақта өңдеу зауытының құрылысы» жобасы бар. Үшіншісі, «Шардара ГЭС» АҚ-ның қайта жаңғырту жобасы. Аталған жобаларды іске қосу арқылы 400 адамға жаңа жұмыс орны ашылады», - деді ол.