Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір ғана генерал таптым – Назарбаев

Қысқаша

Осы орайда Елбасы Қазақ елі 25 жыл ішінде қуатты әскери күшке ие болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өтіп жатқан салтанатты жиында Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генералды іздеп, жалғыз Сағадат Нұрмағанбетовты тапқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Қазақстан Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқыққорғау және әскери қызметкерлерге жоғары және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер тапсырды. Сонымен қатар, Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

«Баршаңызды келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңістің мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Қатар аталған қос мерекенің алдында әр уақытта Бас қолбасшы ретінде жоғары дәрежелі шендер мен атақтарды және марапаттауды жасайтынымды өздеріңіз білесіздер. Ерлік пен патритозимге дәріптейтін осы айтулы күндер биыл Астананың 20 жылдық мерейтойымен тура келіп отыр. Қазақта елді қорғау - ердің ісі, ерді қолдау - елдің ісі деген қанатты сөз бар. Сондықтан мен бүгін сіздерге жетістіктіктеріңіз үшін, халыққа үздік қызметтеріңіз үшін арнаулы атақтар мен шендерді тапсырғалы отырмын. Сондай-ақ мінсіз әскери қызметі және ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға еліміздің жоғары дәрежелі орден медальдарын тапсырамын», - деді президент Ақордада өтіп жатқан салтанатты жиында.

Осы орайда Елбасы Қазақ елі 25 жыл ішінде қуатты әскери күшке ие болғанын атап өтті.

«Біз ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде антқа берік, аманатқа адал айбынды армиямызды тәрбиелеп, оны жабдықтап келеміз. Сайыпқыран сарбаздарымыз бен сардарларымыз қастерлі тәуелсіздізігіміздің қорғаны бола білді, бола береді деп те сенемін. Ұраны бар елдің ұланы бар деген. Еліміз әскери әлеуетін нығайтып келеді. Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастыруда деп айтуға болады. Бүгін бір топ азаматтың жоғары наградалармен марапатталуы - соның айқын дәлелі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін еліне еңбегі сіңген әскерилерді марапаттауға мүмкіндік алғанын атап өтті.

«Мен осы марапаттауға келе жатқанда ойландым. 74 жыл Совет одағының құрамында болғанда, қай адамға генерал атағы тапсырылды? Ал бүгін 1 күннің ішінде 22 атақ бергелі отырмын. Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генералды іздеп, жалғыз Сағадат Нұрмағанбетовты тапқан болатынмын. Осыны естеріңнен шығармаңдар», - деді президент.

Кейін Елбасы құқыққорғау және әскери қызметкерлерге жоғары және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер тапсырды.