Салыбек Сағымбекұлы атындағы турнир енді жыл сайын өтеді

Қысқаша

6 жасында әкеден жетім қалған атам баласы Салыбекті 7 жасында той қылып, тайға мінгізген екен.

Ордабасы ауданындағы атшабарда «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты облыстық фестиваль аясында  әйгілі шабандоз Салыбек Сағымбекұлының атындағы жүлдені сарапқа салу үшін қазақтың ұлттық ойындары – аударыспақ, теңге ілу, бәйге сайыстары ұйымдастырылды.

Шабандоздың немере інісі, зейнеткер Медеу Сағымбеков осы игі істі қолға алудағы мақсатын, әрі мұның өткізу аясы келешекте кеңейетінін баяндады. Көкпар кеңінен насихатталып жатқанымен, аударыспақ, теңге ілу, бәйге деген ұлттық ойындарымыз біздің өңірде ептеп кенже дамуға көшкен еді. Жиналған жұртты енді жыл сайын ұлттық спорт түрлері ұлықталатыны бір қуантып тастады. «Салыбек шабандоздың аруағы риза болсын. Ұрпақтарына мың алғыс!» десті.

salybek-1-1.jpg

– 6 жасында әкеден жетім қалған атам баласы Салыбекті 7 жасында той қылып, тайға мінгізген екен. 11 жасында Қатынкөпір мен Ақмешіттің арасында бәйгеге қатысқан. Сонда әжеміз Күлшай көз өтіп кетеді деп алдынан шығып, шапан жауып, менің әкемді елге көрсетпей алып кетіпті. Содан 70 жыл аттан түспеген, жерден еңкейіп шөп алмаған. Өмірі  серілікпен өтті. Өзбекстанға ауа көшіп, қиыншылық көрсе де атсыз жүрмеген. Бір наны, бір асым еті болса, кісі шақырып, ауқат беретін еді, – деп еске алды 83 жастағы шабандоздың үлкен қызы Рахия апа.

Шабандоздың ат баптауы өз алдында бір ғылым.  «Әкеміздің көкпарға баруының өзі той болатын» дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болатхан Салыбекұлы. Барлық бала-шағасы жиналып аттандырады. Құдды бір алапат шайқасқа бара жатқандай Салекең бұршақтай түйіліп, сұңқардай шүйіліп, қаһарын сыртына шашып, атқа қонады. Ал, аты көздерінде от ойнап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, омырау еті бұлт-бұлт етіп шыға келеді екен. Сөйткен, соңғы баптаған аты Бурыл төсек тартып жатып қалған Салыбек ақсақалмен дүниеден өтерінде кісінесіп қоштасып, қос жанарынан жас парлапты. Иесін жоқтап, аза тұтқан аттың ғұмыры бір жетіге ғана жеткенін бүгінде ел аңызға бергісіз әңгіме етіп айтады. 

Ұлттық өнерді бұқара халыққа кеңінен насихаттауға бағытталған шараға аттың жалын ұстаған 30-ға тарта жасөспірім қатысты. Олардың ешқайсысы да құр алақан қайтқан жоқ. Барлығына ақшалай сыйлық берілді.

– Қарсыластарым Қазақстанның чемпионы болып жүрген жігіттер. Өзім бірінші рет қатысып тұрмын. Бұған дейін қазақ күресінде де күш сынасып, көкпарға барып жүретінмін, –  деді қуанышын бізбен бөліскен жеңімпаз Әлизат Бекмахан. Қажымұқан ауылының 18 жасар оғланына Венгрияда өткен аударыспақтың чемпионы Қонысбай Азамат та есе жіберіп, екінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Ал, темірландық Арыстанбек Асқар үшінші орынды еншіледі.

Теңге ілуден темірландық Нұртас Тәшімбетов бірінші, тоқсансайлық Оразалы Қуат екінші, қажымұқандық Оңласбек Мадияр үшінші орынды иемденді.

Бәйгеден тоқсансайлық Дархан Баймағанбеттің жүйрігі топ жарды.  Оның ауылдасы Төлебай Сайлаудың тұлпары  мәреге  екінші болып жетті.

Ал, Медеу Сағымбеков «Ең жас шабандоз» атанған Бекзат деген батырға  өз атынан сый жасады. Осынау ұлттық дүбірлі ойындарға Ұлттық ат спорты федерациясының аудандық филиалының басшысы, Қазақстанның спорт шебері Елтай Сыздықов төрелік етті.

"Рейтинг" газеті, сәуір, 2018 ж